Түлектердің 66,29 пайызы кешенді тестілеуден өте алмады - БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кешенді тестілеуге қатысқандардың 66,29 пайызы ең төменгі шек - 50 балды еңсере алмады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде кешенді тестілеу қорытындыларына байланысты өткен брифинг барысында Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.

Түлектердің 66,29 пайызы кешенді тестілеуден өте алмады - БҒМ

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 19-22 шілде аралығында республиканың 42 оқу орны базасында өткен кешенді тестілеу нәтижесі былтырғыға қарағанда біршама жоғары. Тоқтала кететін жайт, кешенді тестілеу жоғары оқу орындарына түскісі келетін өткен жылдардағы мектеп бітірушілерге және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының, колледждердің түлектеріне арналады.

«Кешенді тестілеуге қатысуға 87 мың 60 өтініш берілген, олардың ішінде 84 мың 496 түлек тест тапсырды. Соның нәтижесінде кешенді тестілеудің төменгі шегін (50 балл) 56 мың 17 талапкер еңсере алмаған, бұл 66,29 пайызды құрайды. Бұнымен қоса, шығармашылық емтихан тапсырғандардың да бар екенін ескерсек, онда ең төменгі шекті еңсере алмағандар саны 57 мың 759 адамды құрайды және бұл 56,52 пайызға тең», - деді Т. Балықбаев.

Оның айтуынша, шығармашылық емтихан тапсырғандарды қоса есептегенде шамамен 44 пайыз түлек кешенді тестілеуді табысты еңсерген. Олар жоғары оқу орындарына түсуге үміткер бола алады.