Түлкібаста отандық тауарды ұсынатын сауда орталығы ашылды - ОҚО
Жергілікті дихандардың өнімдері саудаланатын бұл орталықта тұрғылықты жердегі 46 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жергілікті өнімдердің бағасы да нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Үш қабатты ғимарат құрылысына 200 млн. теңге қаржы жұмсалған. Ең төменгі қабатында нан өнімдерін өндіретін цехтар, екінші және үшінші қабатында азық-түлік пен киімдер сатылады. Жиналған қауым сауда орталығын аралап көріп, қажетті тауарларын алып, өздеріне осындай заманауи үлгіде қызмет ұсынып отырған кәсіпкерге және аудандағы шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасап отырған аудандық әкімшілікке ризашылықтарын білдірді. Бұл да Түлкібас ауданының тұрғындарының тұрмыс деңгейінің жоғарылап жатқандығын көрсетсе керек.
«Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан халқын отандық өнімдерді тұтынуға шақырып, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі сауда орындарында қазақстандық өнімдерге жеке бұрыш бөліп, басқа импорттық тауарлардың тасасында қалмауын тапсырған болатын. Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бүгін сауда орталығы ел игіліне пайдалануға беріліп отыр», - деді аудан әкімі Қ.Абдуалиев барша тұрғындарды Ораза айт мерекесімен құттықтай отырып.