«Тұлпар-Тальго» зауытының іске қосылуы жолаушылар тасымалдайтын вагон тапшылығын жояды

2011 жылы Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміздің өңір-өңірінде бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы аяқталды, олардың арасында Астана қаласындағы «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагонын шығаратын зауыт та бар.
Вагон шығаратын зауыт құрылысы 2010 жылдың қазанында басталған болатын. Елорданың Индустрияландыру паркінде озық технологиялар негізінде қажетті инфрақұрылымы және құрылғысы бар өндірістік кешен салынған болатын.
Жаңа зауыт құрылысының жобасы испандық әріптестермен бірге жүзеге асырылды. Зауыт жылына 150 жолаушылар вагонын шығара алады. Зауытта 18, 12, 10 адамдық вагондар, сондай-ақ мүгедек жолаушылар үшін 6 адамдық вагондар шығарылады. Вагондар Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген, олардың жылдамдығы сағатына 350 шақырымды құрайды.
Бұл зауыт Қазақстандағы машина құрылыс саласының дамуы үшін үлкен маңызға ие.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар вагонын шығаратын «Тұлпар-Тальго» зауытының салтанатты ашылуына қатысып, цехтарда құрастырылып тұрған әртүрлі үлгідегі 9 вагонды қарап шықты.
«Тұлпар-Тальго» зауыты халықаралық стандарттарға, өндіріс үрдісінің тиімділігі мен табыстылық стандарттарына сай жобаланып, салынған және ТМД елдерінде баламасы жоқ кәсіпорын.
Аталмыш жобаны жүзеге асыру жолаушылар вагондарының тапшылығын жояды.