Тұмау мен ЖРВИ: елордадағы емханаларда «фильтр-кабинет» жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM – Қаланың әрбір емханасында ЖРВИ белгілері бар науқастарды қарауға арналған фильтр-кабинеттер мен жедел көмек кабинеттері жұмыс істейді, онда экспресс-диагностика жүргізіліп, қажет болған жағдайда ем тағайындалады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күзгі-қысқы кезең басталған сайын өткір респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмауға шалдыққан науқастар саны көбейетіні қалыпты жағдай. Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында қалалық дәрігерлер тұрғындарға алдын алу шараларын сақтау және уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажеттігін еске салды.
Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ аурып, мұрын бітеліп, жалпы әлсіздік байқалған жағдайда дәрігерлер өздігінен емделуге емес, тіркелген жеріндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) ұйымдарына жүгіну туралы кеңес берді.
Қаланың әрбір емханасында ЖРВИ белгілері бар науқастарды қарауға арналған фильтр-кабинеттер мен жедел көмек кабинеттері жұмыс істейді, онда экспресс-диагностика жүргізіліп, қажет болған жағдайда ем тағайындалады.
Фильтр-кабинеттер мен жедел көмек кабинеттерінің жұмыс кестесі:
* жұмыс күндері – 08:00-20:00;
* демалыс және мереке күндері – 08:00-18:00.
Сонымен қатар, БМСК ұйымдарында үйде медициналық көмек көрсетуге арналған мобильді бригадалар жұмыс істейді.
Қабылданатын алдын алу шаралары:
* адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу;
* бөлмелерді жиі желдетіп, ылғалды тазалық жүргізу;
* жеке гигиена ережелерін сақтау, көшеден келгеннен кейін қол жуу;
* иммунитетті нығайту, дұрыс тамақтану, ұйқы мен демалыс режимін сақтау;
* жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды бір реттік сүлгімен немесе шынтақпен жабу;
* жағдайы нашарласа, үйде қалу және медициналық көмекке жүгіну.
Айта кетелік Павлодарда балалар арасында вирусты инфекция өршіп, аурухана науқастарға толып қалғаны туралы жазған едік.