Тұмау вирусы өте тез тарайды – қызылордалық маман

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазір көпшілік арасында тұмауға шалдыққан тұрғындар аз емес. Әдетте, жыл сайын көптеген елдерде аталған инфекция өршіп кетеді. Бұл - денсаулық сақтау саласындағы маңызды тақырыптың бірі. Оған тұрғындар тарапынан немқұрайдылық танытуға болмайды. Бастысы, оның алдын алу үшін тиісті сақтық шараларына назар аударылуы тиіс. Осы орайда мамандар қандай кеңес береді? ҚазАқпарат тілшісі аталған мақсатта Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованы әңгімеге тартқан еді.

- Медицина саласында тұмау ауруының алдын алудағы тиімді әдіс қандай?

- Бүгінде медицина саласында оған қарсы тиісті емдеу шаралары қолға алынған. Бастысы, оның алдын алудағы ең тиімді әдіс – вакцинация екенін айта кетейін. Тәуекел тобындағы адамдарға вирусқа қарсы екпе ақысыз негізде тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда жүргізіледі. Бұл топқа жүкті әйелдер, қарттар үйінің, балалар үйінің тұрғындары, медициналық қызметкерлер енгізілген. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша салынады. Тұмауға қарсы иммундау науқаны жыл сайын күзде басталады. Екпе аурудың ауыр түрлерін, ауруханаға түсу жағдайын, өлім-жітімді төмендетеді. Сондай-ақ, тұмауды жұқтырып алу қаупін сейілтеді. Вакцина эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға септігін тигізеді. Вакцинация қауіпсіз. Кейде одан кейін кейбір адамдарда екпе жасаған жерде қызару және ауырсыну байқалуы мүмкін. Азғана дене қызуы, әлсіздік сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Айта кетейік, аталған әсерлер тез жойылады.

- Тұмаудың белгілері қандай болады? Бұл бағытта медицина мамандары қандай іс-әрекеттерді жүзеге асырады?

- Дәрігерлер тұмауға нақты диагноз қояды. Белгіленген медициналық хаттамаларға сәйкес ем тағайындайды. Ауру жеңіл ағымда өтсе, амбулаторлық жағдайда емделеду, ауыр ағымда өтсе, аурухана жатқызылады.

Тұмау басталғанда адамның денесі дел-сал күйге түсетіні белгілі. Ол адамның көңіл-күйі нашарлайды. Тағамға тәбеті шаппайды. Арада бір-екі күннен кейін дене қызуы көтерілуі мүмкін. Басы ауырып, бұлшық еттері сыздап, буын-буыны сырқырайды. Мұрны бітеді, дауысы қарлығып, жөтел пайда болуы ықтимал. Тамағы қызарып, жұтынғанда ауырсыну сезімдері болуы мүмкін. Мұндай жағдайда науқас адам дереу дәрігердің көмегіне жүгінуі қажет. Уақытылы ем қабылдаған жағдайда аурудан тез сауығып шығады.

Тұмау - жыл сайын көптеген елдерде эпидемиялық сипатта таралатын жаһандық инфекция. Бұл аурудың эпидемиологиялық маусымы күзден бас алып, көктем айларына дейін жалғасады. Қазақстанда, әлемнің басқа елдеріндегі секілді тұмау және ЖРВИ - денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі.

- Тұмау вирусы ауадағы белсендігін қанша уақыт сақтай алады?

- Ол ауадағы белсенділігін бірнеше сағатқа дейін сақтай алады. Вирустар төмен температураға төзімді. Ауа тамшылары арқылы жұғатындықтан тұмау вирусы жөтелгенде, түшкіргенде ауаға таралып, тұрмыстық заттардың беткі қабаттарында ұзақ уақыт сақталады. Сондықтан залалсыздандыру заттарымен үй-жайларға күніне бірнеше рет ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу қажет.

Бөлмелерді жиі желдетіп тұруды да ұмытпаған жөн.

- Инфекцияның қоздыруға қандай жағдайлар әсер етеді?

- Тұмау вирусы өте тез тарайды. Қарапайым гигиеналық ережелерді сақтамау, салауатты өмір салтына көңіл бөлмеу ауру жұқтырып алу қаупін арттырады. Тұмау қарт адамдар мен бүлдіршіндер арасында ауыр өтеді, жүкті әйелдер үшін де қауіпті. Тұмау асқынған жағдайда, құлаққа, тамаққа, тыныс жолдары мен өкпеге зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан сақтық шараларына салғырт қарамауға шақырамын. Эпидмаусым кезінде адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу, қоғамдық көлікке мінгенде маска кию, қолды жиі сабындап жуу, антисептиктер пайдалану, белсенді дене қозғалысы мен дұрыс тамақтану аурудың алдын алуға себеп болады. Бұл тек тұмау ауруынан ғана емес, өзге де инфекциялық аурулардан қорғайды.

- Қызылорда облысында биыл тұмау жұқтырудың көрсеткіші қандай болуда? Олардың арасында қай жастағылардың үлес салмағы басым?

- Cыр өңірінде биылғы эпидмаусымда жіті репираторлы вирусты инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 18 пайызға жоғары. Ауруға шалдыққандардың 65,8 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 13,3 пайызы 1 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Ауруханада ем қабылдау көрсеткіші 15 пайызды құрайды. Оның ішінде 17 пайызы - жүкті әйелдер, 23 пайызы - 1 жасқа дейінгі балалар.

Облыс бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ауыр ағымындағы 2098 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексерілді. Нәтижесінде зертханалық жолмен тұмау ауруының 354 жағдайы нақтылады. Басым бөлігі, яғни 74,4 пайыз облыс орталығында тіркелді.

Анықталған 354 тұмау вирусының 75 пайызы В штаммына сәйкес келсе, қалған 25 пайызы А (H1N2) түрінің үлесінде.

Сондай-ақ тұмау емес вирусты анықтау мақсатында 1805 сынама зерттеумен қамтылып, нәтижесімен 17 тұмау емес вирустар анықталды. Оның ішінде басым көпшілігі - аденовирус түрі. Қазірге дейін 82 мыңнан астам азаматқа тұмауға қарсы вакцина салынды. Олардың 20 мыңнан астамы балалар болса, қалғаны ересектердің үлесіне тиеді. Биылғы эпидмаусында 97468 азамат тұмауға қарсы егіліп, облыс тұрғындарының 11,5 пайызын құрады.

- Әңгімеңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар
telegram