Тұмаудан қалай сақтану керек?

Динара Жаңабергенова
Фото: Сурет Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен

Қазір қоңыр күздің салқыны басталған уақыты. Ауа райы да құбылмалы болатын кез. Сәйкесінше мұндай кезеңде жедел респираторлы вирусты инфекциясы, тұмау белең алады. Одан сақтану жолы қандай? Осы оарйда Kazinform Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованы әңгімеге тартқан еді.

- Алдымен тұмау жайында кеңірек айта кетсеңіз. Оның белгісі қандай болады?

- Тұмау жыл сайын көптеген елде эпидемиялық сипатта таралады. Қазақстанда өзге елдердегі секілді тұмау және ЖРВИ - денсаулық сақтаудың өзекті мәселесінің бірі.
Тұмау әдетте асқынуымен қауіпті екені белгілі. Ең жиі кездесетін тұмау ауруының асқынуы – пневмония. Сондай-ақ, асқынуға байланысты бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит секілді ауру түрлері тіркелуі мүмкін. Бұл ауру 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр өтеді. Сондықтан респираторлық аурулардың алғашқы белгісі пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада аймақтық дәрігерлерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет.

- Одан сақтану жолдары қандай?

- Алдымен иммунитетті көтеру үшін салауатты өмір салтын сақтануға, жеке бас гигиенасын орындауға кеңес береміз. Сондай-ақ, эпидмаусым кезінде көпшілік орындарда, нашар желдетілетін жерлерде бетперде киіп жүрген артық емес. Оған қоса арақашықтықты сақтау, қолды жиі сабындап жуып, антисептиктерді пайдалану да маңызды. Дәрумендерге бай тағамдарды пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстану әрбір азаматтың денсаулығын нығайтуға әсерін тигізеді. Бұл сақтық шаралары тек тұмау мен ЖРВИ-дан ғана емес, өзге де инфекциялық ауруларды жұқтырып алу қаупін төмендетеді.

- Бұл мақсатта құзырлы орындар тарапынан қандай іс-шаралар қолға алынып келеді?

- ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидасына сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Ол ең алдымен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған жеткіншектер және балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінде тұратын азаматтарға жүргізіледі. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілім бойынша жүзеге асады. Бұдан бөлек, аталған контингентте қамтылмаған адамдар екпені ақылы түрде салдыруына болады. Бүгінгі күні екпені ақылы түрде алуға болатын емхана бекітілу үстінде, ол туралы қосымша хабарланады.

- Сондай-ақ, жұмыс орындарында ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға мән беріле ме?

- Жұмыс орындарында ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. Департамент тарапынан тұмау мен оның асқынуларының алдын алу үшін ауруға байланысты ұзақ мерзімді жұмысқа қабілеттілігін жоғалту мен ауруханаға жатқызуды болдырмау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мәселесі тұрғындар арасында насихатталып келеді. Қысқасы, ағзаны асқынудан қорғау және тұмау эпидемиясының денсаулық салдарын азайту мақсатында жұмысшылар мен қызметкерлерге вакцинациялауды ұсынамыз.

- Биыл облыста тұрғындар арасында жедел респираторлы вирус және тұмауға шалдығу жағдайы қалай болып жатыр?

- Қолдағы дерекке сүйенсек, жедел респираторлы вирус инфекциясына биыл облыста 33456 адам шалдыққан. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үлесі – 21971. Ал тұмау ауруы 68 адамнан анықталды. Оның 20-сы 14 жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тіркелді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады. Осы мақсатта тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету бағытында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биыл 84430 доза вакцина қоймаға жеткізілді. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады. Қазан айындағы есеп бойынша 25074 адам тұмауға қарсы екпе алып, ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтіп алды.

- Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар