Түменде қазақ мәдениетінің күндері өтеді

Қазақстан Республикасының РФ-дағы елшілігінің ресми сайтының хабарлануынша, аталған шаралар Ресей мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы және Түмен облысындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының 10 жылдығына арналады.
«Торфяник» Мәдениет сарайында өтетін мейрам қонақтарын қызық мәдени бағдарлама күтіп тұр.
Көшеде көшпенділердің дәстүрлі тұрмысы жайынан сыр шертетін киіз үй тігіледі. Онда келушілер атқа мініп, қазақтың халық ойындарына қатыса алады. Шығармашылық шеберханада киіз басу, домбыра шерту, қобыз тарту сияқты өнерлердің қыр-сыры үйретіледі.
Концертке Түмен облысы мен Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен орындаушылары қатысады.
«Мейрамның барша қонақтарын қазақ халқының бай мәдени мұрасымен, рухани құндылықтары және көшпенділер өркениетінің тарихымен таныстыруды әрі Ресей мен Қазақстан халықтарын байланыстыратын өзара құрмет, достық және тату көршілік дәстүрлерін қолдауды қалаймыз», - дейді Түмен облысы қазақстарының ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ыбыраев.