Түнде Астана вокзалында бомба ізделді, ғимараттан 350 адам қауіпсіз жерге көшірілді
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін түнде Астанадағы теміржол вокзалы ғимаратына бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен соң одан 350 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР ІІМ-нің көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Баспасөз қызметі қызметкерінің түсіндіруінше, 9 қаңтар күні сағат 23:11-де Жедел басқару орталығының «102» операторының нөміріне таксофоннан белгісіз біреу телефон шалып, теміржол вокзалына бомба қойылғаны туралы хабарлаған.
«Жедел ден қоюдың барлық қызметтеріне хабарланды. Астана стансасындағы полицияның желілік басқармасының бүкіл жеке құрамы дабыл бойынша шақырылды. Оқиға орнына Астана қалалық ішкі істер департаменттерінің, ҰҚК, ТЖ бойынша, прокуратура, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері шықты», - деп баяндады баспасөз қызметінен.
Ғимарат қоршауға алынып, 200 жолаушы мен вокзалдың 150 қызметкері қауіпсіз жерге көшірілді. Астана қалалық ІІД «Арлан» арнайы тағайындау бөлімшесінің және көліктегі ІІД кинологиялық орталығының қызметкерлері қызметтік-іздеу иттерінің көмегімен ғимараттың барлық бөлмелері мен оған жақын орналасқан аумақты тексерді. Жарылғыш зат табылған жоқ. Операцияны өткізу кезінде «Астана-Петропавл» бағытындағы жолаушылар пойызы бір сағатқа кешіктірілді.
«Жарылғыш зат туралы хабарлаған адам іздестіріліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 242 бабы бойынша қылмыстық істі қозғау туралы мәселе шешілуде», - деп түйіндеді баспасөз қызметіндегілер.