14:11, 08 Наурыз 2013 | GMT +5
Түнде теміржол учаскесін су басу салдарынан тоқтап қалған пойыз қозғалысы жанданды - ШҚО
ӨСКЕМЕН. 8 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін таңғы сағат 7-де Шығыс Қазақстанда таудан еріген тасқын су салдарынан тоқтатылған пойыздардың қозғалысы жанданды.

Алматы - Семей теміржол трассасының Жарма - Норбатау өткелінде таудан еріген су теміржол торабының 25 метр аумағын басып қалды, деп хабарлады ТЖМ.
7 наурыз күні кешке қарай Желдіқара-Балықты өткелінде №2711 жүк пойызы, ал Жалғызтөбе №9 разьезінің өткелінде №2713 пойызы тоқтатылды. Жарма стансасында бүгін таңғы сағат 06.30-дан бастап Қызылорда-Семей бағыты бойынша бет алған №2221 жолаушылар пойызы тұрып қалды. Қозғалыс 6 сағат 59 минуттан кейін жанданды.
Қазір су сорып алынуда және теміржол нығайтылып жатыр. Семей жол бөлімшесінің екі трактор, ҚТЖ краны, 40 маманы жұмыс істеуде. Теміржолдың су басып қалған бөлігіне тас тиелген 5 платформа, теміржол шпалдары тиелген 1 платформа жөнелтілді.