Түнде жатып ойланғанда жұмысымның қорытындысын Шәкен мен Әшірбектен сұрап, жауап алғандай боламын - Асанәлі Әшімұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кейде түнде жатып ойланғанда әр жасаған жұмысымның қорытындысын Шәкен Айманов пен Әшірбектен сұрап, жауап алғандай боламын, дейді қимастық сезіммен КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімұлы «Әшірбек Сығай - сын сардары» деректі фильміне қатысты «Алматы ақшамы» газетіне берген сұхбатында.
None
None

«Бұл фильмді түсіріп жатқанда Әшірбектің көзі тірі еді. Ондағы айтылған сөздер де оның тірі кезіндегі сөздер. Бүгін оның ортамызда жоқ кездегі айтылатын сөздер басқа, әрине. Әшірбек қаза болғанда театрға оның өнеріне табынған жұрт еңіреп, өз аяғымен келіп жатты. Күні кеше қырқы өтті. Әшірбектің халқына қаншалықты қадірлі болғанын содан-ақ байқадым. Халықтың сүйіктісі болу әркімнің қолынан келе бермейді. Халықтың берген бағасынан артық ештеңе жоқ екеніне жасым жетпіс жетіге келгенде көзім жетті. Әшірбек шын халықтың азаматы болды. Халықтың марапаты - Әшірбекке ең жоғары марапат. Қасымда жүрген іні дос болды. Кейде түнде жатып ойланғанда әр жасаған жұмысымның қорытындысын Шәкен Айманов пен Әшірбектен сұрап, жауап алғандай боламын, Шәкен Аймановтың өмірден өткеніне қырық жылдан асып кетсе де: «Шәке, осы шаруам қалай болды?» - деп кеңесемін. Сондай екінші адамым - Әшірбек. Екеуінен де жауап аламын», - деді Асанәлі Әшімов.

Еске сала кетейік, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Алматы қалалық әкімдігі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы мен академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен өткен Қалила мен Әбдірахман Умаровтар түсірген «Әшірбек Сығай - сын сардары» атты деректі фильмнің тұсаукесері 6 қаңтар күні өтті. - Тек қазақ театры емес Одақ бойынша театрларда қалдырған ізі бар. Сол жердің бәрінен біз жүріп өттік десек болады. Ол кісі шаршамай осы кино түсірушілер тобымен бірге жүрді және фильм біткесін Күләш апам екеуі үйінде отырып екі рет көрді. Ескертпелері болды оларды орындадым. Енді қашан жасаймыз деп жүрген ол кісі дүниеден озды, -дейді деректі фильмнің режиссері Қалила Омаров БАҚ-қа берген сұхбатында. Театр сыншысы Әшірбек Сығай өткен жылдың қараша айында дүниеден өтті. Ол 68 жылдық ғұмырында жиырмаға жуық кітап шығарып, мыңға тарта сыни мақала жазып қалдырды.

Соңғы жаңалықтар