Түнгі аспанда жарқырап аққан не

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының кей тұрғындары өткен түнде аспаннан жарқырап өткен белгісіз нысанды байқап, ерекше көріністің куәсі болды. 

Түнгі аспанда жарқырап аққан не
Фото: видеодан алынған скрин

Олардың кейбірі бұл сәтті ұялы телефонға түсіріп үлгерген. 

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан куәгерлердің ерекше әсер алғанын байқауға болады. 

Оқиға 12 қазан күні сағат 21:30 шамасында болған. Куәгерлердің бірі аспанда жарқырап өткен нысан метеорит болуы мүмкін екенін айтады. 

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, белгілі астрофизик Андрей Солодовник бұл құбылысты өз көзімен көрмеген. Бейнежазбаны тамашалаған ғалымның пікірінше, аспандағы жарық құбылысы орбитадан шыққан ғарыштық техника бөлшектерінің атмосферада жануынан пайда болуы мүмкін.

— Болид болуы мүмкін еді, бірақ, қозғалыс жылдамдығы бірнеше есе баяу. Бұл зымыран тасығыштың жоғарғы сатысының қирауы немесе орбитадан шыққан жерсерік болуы ықтимал.

Мұндай бейнежазбалар әлемнің басқа өңірлерінде де бұрын түсірілген. Қазір бізде жерсеріктердің саны мыңнан асады. Сондықтан бұл жұмысын тоқтатқан аппараттардың бірі болуы мүмкін, — деді Андрей Солодовник.

Профессордың айтуынша, қазан айында түнгі аспанда жарық болидтерді байқауға болады. Осы кезеңде Жер бірден бірнеше ірі метеор ағынының орбитасын кесіп өтеді. Негізгі себебі — кометалардан бөлінген ұсақ бөлшектердің Жер атмосферасына аса жоғары жылдамдықпен енуі.

— Метеорит жерге құлаған кезде адамдар оның дыбысын естуі мүмкін. Ондайда күн күркірегендей болады. Ал аспанда тек жарқырап өтіп кетсе, ол болид болуы мүмкін. Әдетте, мұндай құбылыс қауіп төндірмейді, нысан атмосферада жанып, жерге жетпей тозаңға айналады, — деді астрофизик.

Бұған дейін Персеидтер метеор ағыны 13 тамызға қараған түні шарықтау шегіне жететінін жазған едік.