Түнгі клубтағы кісі өлімі: 16 адамға сот үкімі шықты

Түнгі клубтағы кісі өлімі: Сотталушыларға үкім шықты
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбеде «Миллиардер» түнгі клубындағы кісі өліміне кінәлі деп танылған 16 сотталушыға үкім шықты. Алды 17 жылға бас бостандығынан айырылып, кәмелет жасқа толмаған бір сотталушы бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды Kazinform. 

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушылардың бәрі Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» бабы бойынша ақталды. Сонымен бірге судья Нұрлан Бақтығалиевтің айтуынша, көбі Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша емес, «Бұзақылық» бабы бойынша қайта сараланды.

Сотталушы С.Түктібай 17 жылға, Ө.Хасенов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Е.Серікұлы 4 жыл 6 ай жазасын өтейді. Сотталушылар Бақытов 4, Тукенов 4, Ищанов 4, Қаратаев 4, Урстемов 4 жылға сотталды. Ал Ерманов 3, Мұханбетшәріп, Исенгарин, Жаңбырбаев, Қосанов, Мырзабаев, Жиеналинге 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал айып тағылған кезде кәмелет жасқа толмаған Муканбетжанов 2 жылға бас бостандығынан шектелді. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау айыбы тағылғанымен, сот бәрін негізсіз деп санады. Бұл баптар бойынша барлық сотталушы ақталып отыр. Дәлелденген жоқ. Бұл жерде адам ұрлау дерегі мүлде жоқ. Алдын ала сөз байласу да дұрыс емес. Жәбірленушілер өздері келген, алдын ала келіскен ешкім жоқ. Сол сәтте төбелес басталған. Сотталушылардың бұрын қылмысқа тартылмағанын, кешірім сұрағанын, балаларын ескерді. Сот жазаның түрі мен мөлшерін анықтаған кезде жәбірленушілердің кешірім бермегенін де негізге алды», - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Еске салсақ, бұрын сотталып, жазасын өтеп шыққан Хангелді Мұханбетшәріп, қылмыстық ортада «Сары Жасик» атымен танымал Жансерік Ищанов заңсыз «күзет қызметін» міндетіне алады. Ол үшін жанына спортқа бейім бірнеше адамды жинайды. Арасында кәмелет жасқа толмағаны да бар. 2022 жылдың ақпан айынан бастап Ищанов Ақтөбе қаласы Астана ауданында орналасқан түнгі клубты жалға алушы Қаратаевпен ауызша келісіп, «күзет қызметін» ұйымдастырды. Күзетшілер ретінде қызмет атқаруға Мұханбетшәріп, Түктібай, Исенгарин, Жаңбырбаев, Қосанов, Мырзабаев, Ерманов, Жиеналин, Серікұлы, Бақытов, Тукенов, кәмелетке толмаған Муканбетжановты жинақтаған. Күзетші мен түнгі клубқа келген адамдар арасындағы төбелес алдымен далада болған.

Кейін соққыдан зардап шеккен жәбірленушілерді бір топ айыпталушы ішке кіргізіп ұрады. Адамдардың соққы алғанын сол кезде түнгі клубта болған демалушылар көрген. Оқиға көпшілік арасына тарап кетпеуі үшін айыпталушылар көлікпен оларды қала сыртына алып кетуді ойластырады. Сөйтіп, бірін көліктің ішіне, екіншісін жүксалғышқа салып, қала ішімен жүреді. Сол кезде жүксалғышта жатқан жәбірленуші Жақыпов қашып кетіп, асханаға жетіп үлгереді, адамдардан көмек сұрайды. Ал соңынан қуған Мұханбетшәріп пен Мырзабаев бірден бой тасалайды. Екінші көлікте отырған жәбірленуші Теміров те көлік бағдаршамға тоқтаған кезде қашып, жан сақтайды. Ал көлік ішіндегі айыпталушылар қаланың Нокин даңғылындағы жағажай маңына Көшкінбаевтың, Төлеуовтің денесін тастап кетеді. 

Сот үкімі күшіне енген жоқ. Сот үкімі оқылып біткен соң сотталушылардың туыстары айқай-шу шығарып, арнайы қызмет бәрін залдан шығарып жіберді.

Соңғы жаңалықтар