Тұңғыш қазақ әйелінің ғарышқа сапары қалай өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстандық кәсіпкер Данна Қарағұсова америкалық Blue Origin компаниясының New Shepard суборбиталық кемесімен ұшып, ғарышқа барған алғашқы қазақ әйелі атанды.

Тұңғыш қазақ әйелі Blue Origin кемесінен ғарышқа көтерілді: сапар қалай өтті
Фото: instagram.com/blueorigin

New Shepard зымыраны 2025 жылғы 8 қазанда АҚШ-тың Техас штатындағы ғарыш айлағынан ұшырылды. Бұл Blue Origin компаниясының 36-туристік миссиясы болды.

Экипаж құрамында америкалық кәсіпкер Джефф Элгин, инженер және жасанды интеллект саласының зерттеушісі Клинт Келли III, стартаптар негізін қалаушы Аарон Ньюман, украиналық кәсіпкер Виталий Островский және аты-жөнін жарияламаған тағы бір жолаушы бар.

Данна Қарағұсова осы алты адамның ішінде болып, Қазақстан атынан ғарышты бағындырған тұңғыш әйел атанды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында сапардан кейінгі әсерін айтты.

– Мұны сөзбен айту мүмкін емес... Ғарыштан кейін басқаша болып ораласың – жаның ашылып, жүрегіңді шексіз ризашылық кернейді, - деп жазды ол.

Данна Қарағұсова бұған дейін ивент және дистрибуция саласында 25 жылдан астам еңбек еткен. Ол медиа және ивент-холдинг – First Media Group-тың негізін қалаушылардың бірі.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық Данна Карағұсова Blue Origin компаниясының NS-36 зерттеу миссиясы құрамында ғарышқа аттанатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар