Тұңғыш қазақстандық мессенджер iOS платформасы үшін қолжетімді болды

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы күзде Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев пен жоба жетекшісі Дәуіт Шайхисламов қосымшаны жүктеу Android операциялық жүйесі бар смартфондар үшін қолжетімді екенін хабарлаған болатын.
«4 айдың ішінде еліміздіе және шетелдерде 200 мыңға жуық адам ұялы телефондарына «Айтыс» қосымшасын жүктеді. Бүгін енді iOS платформасына арналған жүйесін таныстырып отырмыз. Бұл қосымшаны жүктегендер күніне 3 миллионға жуық хат алмасып отыр»,-деді брифинг барысында Азат Шәуеев.
iTys орыс және ағылшын тілдерінде ғана емес, ең бастысы қазақ әліпбиінің барлық әріптерін пайдаланып, мемлекеттік тілде хабар алмасуға болатындығымен ерекшеленеді. Бұл оны қазіргі кезде қолданыста жүрген белгілі мессенджерлерден даралап, әрбір қазақстандыққа арналған, толықтай ұлттық ІТ-өнім ретінде таныта алады. iTys қосымшасының ең басты ерекшелігі - оның ұлттық мәнерде айшықталған, мемлекеттік тілде қолдануға болатын эксклюзивті интерфейсі мен мәзірі.
Сонымен қатар, ондағы барлық смайликтер қазақтың ұлттық нақышында жасалған. Сонымен қатар, қосымшаның тағы бір маңызды қыры - басқа мессенджерлер сияқты қолдану үшін төлем талап етпейді. Кез келген адам оны iTys.kz сайтынан тегін жүктеп алып, тегін қолдана алады. «iTys-тың тағы бір ерекшелігі - онда жеке хаттардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін хабарламаларды автоматты түрде өшіру функциясы бар»,-деді қор директоры.