Тұңғыш Президент күнін әскери қызметкерлер де ерекше көңіл-күйде атап өтеді - генерал-майор Қ.Ақтанов

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күнін әскери қызметкерлер де ерекше көңіл-күйде атап өтеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуында Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Тұңғыш Президент күнінің 1 желтоқсанға белгіленуі де тегіннен-тегін емес. 1991 жылы дәл осы күні елімізде алғаш рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өткізілді. Бұл содан кейінгі барлық жақсылықтардың, әсіресе, Қазақстан тәуелсіздігінің хабаршысы іспеттес болды.

Ширек ғасырға жуық уақыт бойы елімізде басқа салалармен бірге ішкі әскерлер де дамып келеді. 1992 жылғы 10 қаңтарда мемлекет басшысы алғашқылардың қатарында ішкі әскерлер құру туралы Жарлыққа қол қойды. Ал сол жылы 23 маусымда «Қазақстан Республикасындағы ішкі әскерлер туралы» Заңға қол қойылды. Бұл ішкі әскерлердің мақсат-міндеттерін айқындап берген тұңғыш құқықтық құжат еді.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары қылмыс көбейіп, мемлекет пен құқық қорғау органдары қауіп-қатердің жаңа түрлерімен бетпе-бет келді. Міне, осындай кезде ішкі әскерлер алдында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындарды қылмыстан қорғау міндеті тұрды. Әскери қызметкерлер осы міндетті барынша адал атқарып келеді.

Әскерлердің қазіргі заманғы талаптарға сай болуы Елбасының үнемі назарында. ҚР Президентінің 2014 жылғы 21 сәуірдегі Жарлығымен ҚР ІІМ ішкі әскерлері ҚР Ұлттық ұланы болып қайта құрылды. Бұл бізге бұрынғыдан да айрықша жауапкершілік жүктейді.

«Елбасыға деген халық сенімі тұңғыш Президент күнін кең көлемде атап өтуге серпіліс беруде. Осыған орай «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде де салтанатты жиындар өтіп, концерттер мен көрмелер ұйымдастырылуда. Кітапханаларда Елбасының өмір жолы туралы фотокөрмелер мен стенділер жасақталса, клубтарда деректі фильмдер көрсетілуде. Осындай шаралар кезінде әскери қызметкерлер Елбасының Ұлт көшбасшысы ретіндегі рөлін одан сайын терең сезіне түсуде», деді Қ.Ақтанов.

Соңғы жаңалықтар