Тұңғыш рет елімізде дубляждалған шетелдік фильмнің прокаты басталады

Имтиаз Али мен Саджид Алидің сценариі бойынша режиссер Хоми Ададжаниа түсірген бұл фильмнің түсіру жұмысы 2011 жылдың мамыр айында Лондонда басталған болатын. 2012 жылдың мамырында ресми трейлері шығып, оны 3 күнде YouTube-те 1 миллионнан астам адам тамашалапты. Ал түсіру жұмысы толық аяқталып, шілде айында көрермен назарына ұсынылған кезде Үндістанда ғана емес әлемнің көптеген елдерінде киносыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болған. Басты кейіпкерлерін Саиф Али Кхан, Дипика Падукоун мен Дайана Пенти сомдаған фильмнің Үндістандағы прокаты кезінде алғашқы күнде-ақ 2 млн. долларға жуық қаржы жиналған көрінеді.
«Бұл Қазақстанда тұңғыш рет орыс тілінде тікелей дубляждалып отырған шетелдік фильм болып отыр. Оны «Cinema Tone Pro» компаниясы 2 айда жүзеге асырып отыр. Оларды Наталья Сац атындағы жас көрермен театрының актерлары дыбыстап шықты», - дейді дубляж режиссері Илья Бисеров.