Тұңғыштарды танытқан Рио

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сонымен, төрткүл дүние тұрғындарын көк жәшікке телмірткен айтулы Рио олимпиадасы да аяқталды. Бірде сүйіндік, бірде күйіндік, әйтеуір қазақ жұрты бәйгеге қосылған дүлдүлдері үшін тақым қысуын тоқтатпады. Табысымыз да жаман емес, деп жазады Айқын.
None
None

 Қара үзіп алда келмесек те, алғашқы отыздықта бармыз. Рас, Лондондағы табыс қайталанған жоқ, бірақ спортшылар алған медаль саны артты. Есеміз кетті деп еңірейтіндей жөніміз жоқ. Оның үстіне, сегіз қиыр шартарап көз тіккен жарыстардың спорттық қана емес, рухани-моральдық астары тағы бар. Спортшыларымыз елдің, Мемлекет басшысының сенімін ақтаған тәрізді. Содан соң, баршамыздың бірлігімізді бекемдей түскені де өтірік емес. Елдің намысы ойы-сойы, тілі мен ділі, кәсібі, болмысы бөлек талай азаматты біріктірді. Рухымызды көтерді. Жеңіс деген - осы.

Спортшылар Риоға аттанардың ал­дында Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың қабылдауында болған. 4 шілде еді ол күн. Сонда Президент: «Сен­дердің алдарыңда қазақ спор­ты­ның мәртебесін көтеру атты үлкен мә­селе тұр. Жалпы командалық есеп­те барынша жоғары нәтиже көрсетуге тиіс­сіңдер. Осы уақытқа дейінгі дайын­дықтарың өз жемісін береді деп се­немін. Сендерден жеңіс күтеміз», - де­ген болатын. Өзі де бірқатар спорт түрі­мен айналысып, салауатты өмір сал­тын ұстанатын Преиздент олим­пиа­дашыларға сенген һәм бұл жа­рыс­тардың әлеуметтік-рухани астары бар еке­нін аңғартқан. Өйткені, ха­лық­ара­лық жарыстардағы табыстарымыз ел ішін­дегі мыңдаған адамның бұ­қара­лық спортқа ден қоюына түрткі бо­ла­тынын Президент жақсы біледі. Олим­пиадада табысқа жету сол үшін қа­жет. Сонымен, біз Олимпиададан қан­дай олжамен оралдық, соған тоқ­тал­сақ.


Иә, бұл жарыстарда спортшылар ба­рын салды. Ұтқандар да, ұтылғандар да болды. Бірақ, олар - жарысқа қа­тыс­қан­дардың нәтижесі. Ал, бұқара та­рысты бәсекелерді көріп отырып, спорт­шыларға жанкүйер бола жүріп, спорт­қа сүйсінгені, спортпен айна­лы­суға құлшынғаны өтірік емес. Ере­сек­тер болмаса да, балаларды түрлі спорт үйірмелеріне жазғызу осындай жеңісті сәттерден кейін өсіп кететіні бай­қалады. Біз де Риодан кейін отан­дас­тарымыздың спортқа ден қоя тү­серіне сенеміз. Мемлекет басшысы өзі­нің Жолдауында «2020 жылға қарай ха­лықтың 30 пайызы бұқаралық спорт­қа тартылуы керек» деген тап­сыр­ма берген Үкіметке. Атқарушы би­­лік қазір бұл бағытта тәуір жұмыс іс­теп жатыр. Насихат та жаман емес. Бі­рақ, насихаттың ең өтімдісі Олим­пиада ойындары, халықаралық жа­рыс­тар екенін жұрт білсе керек. Өйт­кені, біздің халық «Болмасаң да ұқсап бақ» деген қағидаға әжептәуір берік. Же­ңімпаз болған Даниярға, Дмит­рий­ге, Нежатқа, жүлде салған Әділбекке, Оль­гаға және өзгелерге ұқсағысы ке­ле­тіндер аз болмайды. Демек, спорт­шы­ларымыз ірі жарыста тер төге жү­ріп, тұтастай елді салауатты өмір сал­тын ұстануға шақырып жүр деген сөз. Үнсіз ғана, жетістіктерімен, та­быс­­тарымен бұқаралық спортқа құмар жан­дардың қатарын көбейтіп келеді. Олимпиадада бірінші кезекте осы тұр­ғы­дан табысты болдық. Қалың ел шы­­нымен, спортқа қызықты. Сол қай­­нама жұрттың 30 пайызы спорт үйір­­мелеріне бала-шағаларын берсе, 2020 жылға белгілеген межеге жа­қын­дап қалармыз-ау деген үміт бар.
Екіншіден, Олимпиада күллі адам­затты біріктіргені сияқты, қаза­қ­стан­дықтардың береке-бірлігін де арт­тырды. Біз іс жүзінде өнетін істің қай­нары - бірлік екенін көрсеттік. Ойы­мыз, тілегіміз бір болды. Ықы­лас­пен біріктік. Сын айтсақ, жақсы бол­сын дедік, бірақ Көк байраққа адал қал­дық. Бірге қуандық. Жарыстар жар­ты айға ғана созылғанымен, жаң­ғырығы біразға жетеді. Мақтанамыз, мақ­тана отырып, бір-бірімізге тілеулес бо­ламыз. Міне, бұл - Риодан тапқан та­ғы бір олжамыз. 
Үшіншіден, біздің елде өткізілген ірі-ірі жарыстар өз жемісін беріп жат­қа­нын көрдік. Мұхитқа 3 мың шақы­рым алыс жерде, Ұлы даланың төсінде оты­рып, жарысқа жүзгіштерді қостық. Сөй­тіп, бір ұлымыз алтыннан алқа тақ­­ты. Бұл елімізде спортпен айна­лысу­ға мүм­кіндіктердің бар екенін көр­сетеді. Қысқы Азия ойындары, түр­лі әлем чем­пионаттары өткен, ке­лер жылы Уни­версиада бар. Тәуел­сіз­дік жыл­да­рын­да талай спорт ны­сан­дары салын­ды. Нәтижесін көріп отыр­мыз қазір. Ал, спортқа салынған әрбір тиын са­лауатты өмір салтын на­сихаттауға үлес қосатынын, денсау­лы­ғын күткен аза­маттар қатарын арт­тыратынын ес­кер­сек, шынымен де табысымыз шаш етек­тен. Лондонда алтын, Риода қола жүл­де алған Ольга Рыпакованың Сид­нейде топ жарған аттасы Ольга Ши­ши­гинаның жеңі­сі­нен қанаттан­ба­ғанына кім кепіл?! Сон­дай нәтиже Рио­дан кейін де бола­ры­на сенеміз. Қыс­қасы, Рио олим­пиа­дасының біз ал­ғашқы жемістерін ғана көрдік, на­ғыз жемісі әлі алда. Ендеше қанша өрен­ге үлгі болып, жаңа арман тудыр­ған олимпиаданы бір шолып өтсек. 

 

 

Биыл ең көп медаль алынды
Төрт жыл бұрынғы Лондон Олимпиа­дасындағыдай үздік 12 елдің ішіне кіре алмадық. Бірақ ол кезде 13 жүлде алсақ, биыл оған төрт медаль қосылды. Еліміз Олимпиадаға 1996 жылдан бері қалмай қатысып келеді. Алғаш барған жылы-ақ 3 алтын, 4 күміс және сонша қола алып, 24-орынды еншілеген едік. Келесі Сиднейдегі ойындарда 22-орынға тоқтадық. Биылғы жылы да жалпы есептегі нәтиже осындай. Бірақ 2000 жылы 199 ел қатысып, 3 алтын, 4 күміс медаль алдық. Риода 206 ел өзара сайысып, 3 алтынмен қатар 5 күміс және 9 қола алғанымызды қосыңыз. Ең нашар нәтиже 2004 жылғы Афиныда тіркелді. Бірден 18 орынға төмен жылжып, топ етіп 40-орынға бір түстік. Жалғыз алтынды боксшы Бақтияр Артаев алып, 4 күміс, 3 қола жүлдені қанағат тұтқан едік. Бейжің кезінде Қазақстан 29-орыннан көрінді. Қоржында 2 алтын, 4 күміс және 7 қола жүлде бар еді. Ел мақтаған, жылы естеліктерге толы кез - 2012 жылғы Олимпиаданың еншісінде. Күн түстес алтын медальды 7 спортшымыз алып, Әнұранды қоса шырқағанымыз есіңізде болар?! 1 күміс пен 5 қола қосылып, 12-орынға секірдік.

10/5: Жарты боксшы жүлделі оралды
Тарихта тұңғыш рет бокстан толық құраммен олимпиадаға қатыстық. Спорттың осы түрінен Қазақстан олимпиададан жүлдесіз қайтпаған. Биыл да былғары қолғап шеберлері сол әдеттерінен таймады. Данияр Елеусінов команда капитаны ретінде өз міндетін абыроймен өтеп, 69 келіде оған тең келер ешкім жоғын дәлелдеді. Төрешілердің шешімімен қос боксшымыз күміспен күптелді. Әділбек Ниязымбетов 81 келіде екі дүркін күміс жүлдегер атанып, Лондондағы ерлігін қайталады. Василий Левит болса, 91 келіде күміс жүлдеге «лайық» деп танылды. Қола жүлдеден де құр алақан емеспіз. 91 келіден жоғары бәсекеде Иван Дычко Олимпиадаға екінші мәрте барғанында қола алды. Бокстағы ең қуанышты нәтиже - Дариға Шәкімова­ның қола жүлдесі. Қазақ қыздары арасын­да тұңғыш рет Олимпиада жүлдегері шықты. 

Баландин балаң алтын алды, Қазақ елі!

Биылдан бастап жүзуге қызығатын жас өрендер көбейеді деп ойлаймыз. Себебі қазақ тарихында тұңғыш рет олимпиада чемпионы шықты. Негізі жыл сайын «күтпеген жүлде» алатын жақсы дәстүр қалыптасқан. Рионың тосын сыйы - Дмитрий Баландин болды. Небәрі 21 жасар жүзгіш брасс әдісімен 200 метрге жүзуден үздік атанды. Әлеуметтік желіде «балам Баландин сияқты чемпион болсын» деп ырымдап, «жүзуге жаз­дырамын» деген жазбалар көбейгені келер төрт жылға үлкен үміт сыйлап отыр. Қазақстанда бұл спорт түрі танымал емес. Себебі жүзуден 2, синхронды жүзуден 2 атлет қана жолдама алды. Еліміз жалпы есепте 11-орында тұр. Көп медаль алуға болатын спорт түрлерінен бізде бір-бір жүлдеден бар. Жеңіл атлетикадан да Ольга Рыпакова қола жүлдегер атанды. Лондонда топ жарып, «үш қарғып» алтын алған Ольга сол көрсеткішіне жете алмады. Ел болып тілеуін тілеп, қолаға қол жеткіздік. Рыпакова бүгінде 31 жаста, келесі ойындарға қатысу-қатыспауы белгісіз десек те, ізбасар керегі анық. Осы жылы біздің тараптан ең көп лицензия алынған спорт - жеңіл атлетика. Биыл Қазақстаннан 26 спортшы барды, жүлде алғаны - біреу ғана. 

Қыздар күресінен кумирлер көбейді
Күрес қазақтың қанында деп көп айтамыз. Бірақ ел болғалы еркін күрестен алтын алмағанымыз еске түссе, көңілге күдік ұялайды. Грек-римнен де Атлантадан соң туымыз ең жоғары тұғырға көтерілген жоқ. Осы жолы медальдан мүлдем «мақұрым» қалудың аз-ақ алдында қалдық. Бұрымды балуандарымыз құтқарып қалды. Қазақ елін марқайтқаны - Эльмираның жеңісі. Алғаш рет қазақ қыздары арасында олимпиада жүлдегері шықты.  Өзі алынған 4 жолдама болса, барлығы да үздік бестіктен орын алды. 1 күміс және 2 қола жүлде - еншімізде. Гюзель Маньюрова - құрамадағы ең тәжірибелі балуан. Атлантаның күмісін Ресейге алып бергенімен, Лондоннан алған қоласы бізге есептелді. Жасы 38-ге келсе де, 75 келіде биылғы жылы екі дүркін күміс жүлдегер атанып, баршамызды қуантқаны бар. Эльмира Сыздықова 69 келіде, Екатерина Ларионова 63 келіде қола алды. Нағыз тартысты, жеңіске деген құлшынысқа толы күрес көрген бір ғанибет! 

Қазақтың ауыр атлет қызы тұңғыш рет жүлде алды
Әдетте теледидар алдына телміретіндер саны ауыр атлетика өтетін күні еселенетін. Биыл 8 спортшы Риоға жол тартты. Оның бесеуі елге жүлдемен оралды. Нижат Рахимов (77  келі) қарсыластарын басып озып, алтын алды. Қазақ қыздары ішінде тұңғыш олимпиада жүлдегері ретінде тарихта күміс жүлдесімен Жазира Жаппарқұл (69 келі) есте қалатын болады. Үш ауыр атлеттеріміз Фархад Харки (62 келі), Карина Горичева (62 келі) және Александр Зайчиков (105 кел) үштікке кірді. Ауыр атлетикадан Қытай, Тайланд, Иран және Солтүстік Кореяға жол беріп, 5-орынға жайғастық.   

Тарих жаңғырды. Дзюдодан көптен күткен жүлделер
Ел тарихында осыған дейін дзюдо күресінен жалғыз күміс жүлде белгілі еді. 2008 жылғы Бейжің ойындарында Асхат Жіткеевтің жеңісін де ел көп күткен. Себебі ол кезге дейін ешкім жүлде салмаған болатын. Тарих беттерін қос дзюдошымыз жаңартты. 60 келіде Елдос Сметов күміс жүлдегер, 48 келіде Галбадрах Отгонцецег қола жүлдегер атанды. Бұл спорттың басты фавориттері - жапон балуандары. Еліміз жалпы есепте 10-орында. 

Жүлдесіз қалған елдер көп екен
Біз бар-жоғы 22-орындамыз деп тым алысқа «түкіретіндер» көп. Биікке қарап өссем деген бар. Бұл - өте құптайтын іс. Десе де, бірер сәт артқа да көз тастап қоймасақ, көңі - күйімізді түсіріп, құрдымға кетіп қалмасымызға кім кепіл? Өзбек өкшеден басса, біздің нәтижеге зар болған мемлекеттер қарасы толып жатыр. Қоржынында жалғыз қоласы бар Біріккен Араб Әмірлігі жалпы есепте 78-орынды аяқтап тұр. Осымен жүлделі мемлекеттер тізімі тәмам. Яғни 206 мемлекеттің жүзден астамы - жүлдесіз деген сөз. Спорты мүлдем дамымай, кенде қалған елдер барын да ескеріңіз. Олардың қатарында Мьянма, Непал, Палестина және т.б елдер бар. Бізге керегі - алға өрлеу ғана. Бүгінде жарыс алаңына шығып жүрген спортшылар -  түгелдей дерлік тәуелсіз елдің тар­ландары. Намысқа тырысып, нәтиже үшін жұмыс жасар кез келді. Біздің ел «шүкір» екен ғой деп жүріп алар да сәт емес. Ендігі сыналар сәт - Токио төріндегі төрт жылдық ойындары. Ол кезге енді жаңа деммен кіріссек, жақсы болар еді.

 

Соңғы жаңалықтар