ТұранӘлемБанкі үшін бастысы - клиенттердің сенімін сақтау үшін барлық қажетті күш-жігерді қолға алу - А.Дунаев

АТЫ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - ТұранӘлемБанкінің капиталына мемлекеттің қатысуы депозит салымшылары мен несиешілердің сенімін арттыруға елеулі алғышарттар жасайды. Қаржы институтының акционерлері мен менеджменті ТұранӘлемБанкінің отандық банк жүйесінің көшбасшысы мәртебесін сақтауға ниетті. Банктің одан әрі дамуы туралы толығырақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «ТұранӘлемБанкі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев әңгімелейді.
None
None


- Арман Ғалиасқарұлы, ТұранӘлемБанкінің жаңа құрамдағы басшылығы, ең алдымен, қандай шараларды қолға алды?
 

- Естеріңізге сала кетейін, ТұранӘлемБанкі капиталына салынатын мемлекеттік инвестициялардың жалпы көлемі 251 млрд. теңгені құрауы тиіс. Ақпанның 3-інде ТұранӘлемБанкінің корреспонденттік шотына 212 млрд. теңге түсті. Банк басшылығы бұл қаржы түскеннен кейін ең алдымен, барлық банкоматтарды теңгемен де, АҚШ долларымен де қолма-қол ақшамен толтыруға шешім қабылдады. Сөйтіп, ағымдағы жылғы ақпанның 4-інде Ұлттық банк девальвация туралы шешім қабылдағанда, банк шотынан ақшаны алу проблемасы шешілді. Қалған 39 млрд. теңге Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ТұранӘлемБанкін қосымша капиталдандырғанға дейін Ұлттық банктің арнайы есепшотында болады. Бұл мәселе таяу уақыттары шешілер деп санаймын. Банк басшылығы сондай-ақ төлемдерді дер кезінде жүргізуге шешім қабылдады, өйткені, қаңтардың соңындағы жағдай бойынша банктің орындалмаған төлемдерінің көлемі 150 млн. долларды құраған болатын. Бүгінгі таңда бұл проблема да шешілді. Айталық, егер ақпанның 4-іне заемшылар бойынша талаптар орташа есеппен 100 млн. теңге болса, ақпанның 6-сында-ақ бұл көрсеткіштерді 37 млн. теңгеге дейін төмендеттік. Бәрінен бұрын, банк клиенттердің еңбекақы, салықтар мен зейнетақылар, сондай-ақ салымшылардың едәуір бөлігінің төлемдері бойынша талаптарын қанағаттандырды. Бұған қоса, ТұранӘлемБанкі акционер құқығында осындай проблемаларды шешу үшін қолма-қол ақшаның бір бөлігін еншілес Темірбанкке ұсынды. 

- Бүгінде банктің алдында қандай міндеттер тұр?
 

- Қазіргі кезде мемлекет бастамашы болған ел экономикасын тұрақтандыру, атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларына ТұранӘлемБанкі қатысуын жалғастыратыны жөнінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Алдын ала талдаулардың қорытындысы бойынша банктегі шағын және орта бизнес қоржыны салмақты және айтарлықтай белсенді деп санаймын. Бұл банк қолдау көрсететін ссудалық қоржынның бір бөлігі және перспективада тапқан қаржымызды қолда бар қоржынымызды қайта қаржыландыруға бағыттауға немесе экономиканың осы сегментіне жаңа несиелер беруге мүмкіндік береді. Ал жеке тұлғалармен жұмыстың жайына келетін болсақ, қазіргі сәтте ТұранӘлемБанкі мен «Самұрық-Қазына» қоры арасында ағымдағы ипотекалық қоржынды қайта қаржыландыру туралы келісім қол қою сатысында тұр. Әдетте ТұранӘлемБанкінде бөлшек сауда қоржыны едәуір үлес алып келгенін атап өтуім қажет. Девальвация нәтижесінде қоржын бөлігі белгілі бір шайқалуға ұшырады. Дегенмен, банк тұтыну несиесімен жұмысты жалғастыруда және банк алдындағы өз міндеттемелерін адал орындап келген клиенттерге борыштарын қайта құрылымдау және пайыздық ауыртпалықты төмендету ұсынылуы ықтимал. Бұл арада банк үшін бастысы - клиенттердің сенімін сақтап қалу үшін барлық қажетті күш-жігерді қолға алу екенін ерекше атап өткім келеді.

- ТұранӘлемБанкін одан әрі дамытудың стратегиясы қандай?

- Банктің несиелік қоржынының 47 пайызы бұрыннан шетелдердегі жобаларды қаржыландырумен байланысты болғаны белгілі, бұл банк басшылығының бұрынғы қабылдаған стратегиясы болатын. Активтер сапасын, ссуда қоржынының жағдайын анықтау үшін, ең бастысы - банктің шетелдердегі байланысты тұлғаларымен, соның ішінде еншілес ұйымдарымен жүзеге асырған мәмілелеріне талдау жасау үшін қолданыстағы аудитормен қатар KPMG компаниясы тәуелсіз аудиторлық қаржылық тексеру өткізетін болады. Бұл жұмыс кемінде 2,5 айға созылады және осы мерзім аяқталғаннан кейін ғана банктің және оның тобына кіретін компаниялардың одан арғы стратегиясы жөнінде сөз қозғауға болады. 

- Мұхтар Әбіләзовтің Мемлекет басшысына ашық хатына қандай түсініктеме берер едіңіз?

 - Мен Мұхтар Қабылұлымен сөз жарыстырып жатқым келмейді. Бірақ та бұл қадам этикаға онша жатпайды-ау деп санаймын. Неге? Біріншіден, ол ұзақ уақыт бойы осы банкті басқарды және ол басқарған Директорлар кеңесі қабылдаған тап сол шешімдер бүгінде біз көріп отырған оқиғалардың осылайша дамуына әкеп соқтырды. Екіншіден, өзінің мәлімдемесінде ол клиенттерден миллиард доллар сауылдап түседі деп күткенін айтады. Бұл клиенттер кімдер екенін және олар банкке ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында ақшаны қалайша қайтармақ болғанын айтса, мен Мұхтар Қабылұлына зор алғыс айтқан болар едім. Біз бұл клиенттермен жекелей жұмыс жасауға әзірміз. Банкке келген шенеуніктер банкті күйрете бастады деген сықылды әңгімелер де жарасып тұрған жоқ. Кезінде мен де осы банкте жұмыс істеген болатынмын, сондықтан да оның тағдырына мен де бей-жай қарай алмаймын. Біз банктен ешкімді жұмыстан босатпағанымызды атап көрсеткім келеді, басқарманың бұрынғы құрамы, бұрынғы Директорлар кеңесі жұмыс жасап жатыр. Бұл арада мен ғана үкімет тарапынан қабылданған тиісті шешімнің нәтижесінде сайланып отырмын. Менің ойымша, егер банкке көмектесу жөнінде нақты ұсыныстары болса, қандай да бір мәлімдеме жасаудың қажеті жоқ, банкке қайтып оралсын, осы қаржы институтына өзінің пікірінше қалай көмектесуге болатынын айтсын, отырып сөйлесейік. Өткен жылдың қазан-қараша айларында ТұранӘлемБанкі тығырықтан шығаруға көмектескен Ұлттық банктің қысқа мерзімді өтімдігі түріндегі 400 млн. АҚШ долларына келетін болсақ, бұл жерде нені болса да жөнімен айту керек екенін айтқым келеді. Осы аталған кезеңде бірде-бір банк Ұлттық банк тарапынан осындай қолдауды пайдаланған жоқ. ТұранӘлемБанк сұраған барлық өтімдікті алды. Сондықтан да Мұхтар Қабылұлының банк қызметіне қатысты мұндай мәлімдемесі абырой бермейді деп санаймын. Онымен бірге жұмыс жасаған қызметкерлер қазір де жұмыс жасап жатқанын ол жақсы түсінуге тиіс. Сондықтан да ол қабылдаған шешімдер мен сол қызметкерлер үшін жауапкершілік жүгі оның мойнында. Мен оны қанша құрметтесем де осылай айтуға тиіспін. 

- Банк капиталына мемлекеттің кіруі банк клиенттерінің құқықтарын қорғауға кепіл бола ала ма?


- Ең алдымен, мемлекет барлық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Банкке салынған ақшалар - халықтың ақшасы. Міне, сондықтан да мемлекет, ең алдымен оның сақталуына мүдделі. Бұл жағдайда ол салынған қаржыдан айырылып қалмау үшін банк жұмысының, соның ішінде банктің Директорлар кеңесі, басқарушылары қабылдаған іс-қимылдың ашықтығын және шынайылығын талап етеді. Бұдан шығатын қарапайым қорытынды - мемлекет тікелей немесе жанама түрде қатысатын қаржы институтына сенім көрсетуге болады. Бұл банктер депозиттермен, клиенттерді қаржыландырумен және ағымдағы төлемдерді жүргізумен байланысты пара-пар біртұтас саясатты жүргізуге тырысатын болады. Халықтың жинақтарының сақталуына келетін болсақ, мен депозиттер бойынша жоғары мөлшерлемелерге үйір болмауға кеңес берер едім. Өкінішке орай, адамдар көбіне сатып алу мүмкіндігі жағынан арзанына жүгіреді, ал тауардың сапасын бағалауға көз жеткізе қоймайды, немесе сату мүмкіндігі тұрғысынан қымбатына ұрынады. Бұл жағдай инвестор ретінде жеке тұлға үшін қолайлы емес. Халықтың көпшілігі үшін банктің баға коньюнктурасын, баланс жағдайын, ең ақырында, депозиттер бойынша мөлшерлемелерді салыстыра отырып, банктің қаншалықты тартымды екенін бағамдауы күрделі екенін түсінемін. Қазіргі сәтте ақшаны депозиттен алу және оны валютаға конвертациялау тиімсіз деп санаймын. Және де, қайткенде де, ақша қаражаттарын банктерде ұстауды ұсынамын.

 - Сұхбатыңыз үшін рахмет.

Соңғы жаңалықтар