Тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтарға зейнетақы төлеу жүйесі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қос азаматтығы бар және тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтарға зейнетақы төлеудің жаңа жүйесі туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова түсіндіріп берді.

— Тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтарға зейнетақы төлеуді уақытша тоқтату мәселесін қоғаммен талқылаймыз. Нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу талаптарына сәйкес, құжат «Ашық НҚА»-ға орналастырылды, қоғаммен талқылап барып шешім қабылдау үшін. Бүгінде кейбір зейнеткерлердің Қазақстан аумағында тұрмай, екінші азаматтығы бола тұра елден тысқары кеткен фактілерін анықтадық. Сондықтан қазір қатаңдату тек зейнеткерлерге ғана емес, жалпы тұрғылықты жері бойынша тіркеу талаптарына қатысты жүргізіліп жатыр, — деді Светлана Жақыпова БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің айтуынша, егер зейнеткердің қос азаматтығы болмаса және басқа елден зейнетақы алмайтыны анықталса, онда зейнетақы төлемі қайта қалпына келтіріледі.
— Қабылдап жатқан норма қазақстандықтардың құқығын шектемейді. Байқаған болсаңыздар, қабылданып жатқан шаралар әлеуметтік әділеттілік қағидатын қалпына келтіруге, адал салық төлеушілердің мүддесін қорғауға бағытталған. Өйткені, азаматтар төлеген жеке табыс салығының қалай, қайда жұмсалып жатқаны маңызды, — дейді ол.
Бұған дейін елімізде сотталған зейнеткерлерге түрмедегі уақытында зейнетақы төленбеуі мүмкіндігі туралы хабарлаған едік.
Айта кетейік, 2026 жылы зейнетақы 10 пайыз өседі.