Тұрғын саны 50-ден аспайтын 122 ауыл FWA технологиясы арқылы интернетке қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусин Үкімет отырысында шалғайда жатқан шағын ауылдар интернетпен қалай қамтылатынын айтты. 

Тұрғын саны 50-ден аспайтын 122 ауыл FWA технологиясы арқылы интернетке қосылады
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

— «Ауыл online» жобасы аясында елімізде бұрын болмаған 3 мыңнан астам ауылды жылдамдығы жоғары интернетке қосу басталып кетті. Бұл жоба Жасанды интеллект министрлігінің көмегімен жасалып жатыр. 1,5 жылдың ішінде 500-ден астам елді мекен Amazon, Starlink сияқты жер серіктері арқылы қосылатын болса, 2500 ауылға оптика тартылады. Жоба аясында 5000-нан астам мектеп, денсаулық сақтау нысандары, мемлекеттік мекеме желіге қосылады. Ең бастысы, 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізеді, — деді ол.

Компания басшысы көлік аяғы жете бермейтін ауылдарды интернетпен қамту жұмыстары басталғанын атап өтті.

— Жету қиын шалғай ауылдарды интернетпен қамту үшін Fixed Wireless Access технологиясы да енгізіліп жатыр. Қазір 22 ауыл интернетке қосылған болса, 2026 жылдың аяғында дейін осындай 122 шалғай ауылдағы 11 мың абонентті осы тәсілмен интернетке қосу көзделген. Бұл халық саны 50 тұрғын шамасындағы шалғай жатқан шағын ауылдарға арналады, — деді Бағдат Мусин.

Айта кету керек, Үкіметтің бүгінгі отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары пысықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар