Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын қаржыландыру бағдарламасы әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы 5 жылға арналған Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын қаржыландыру бағдарламасы әзірленді. 

коммунальные счета коммуналдық төлемдер
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Бұл туралы Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Энергетика секторында және коммуналдық шаруашылықта тиісті Ұлттық жоба қабылданады. Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инвестицияларды ақылға қонымды мерзімде қайтаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тарифтік әдіснама қайта қаралатын болады. Сонымен қатар, инженерлік коммуналдық желілерді салу және жаңғырту үшін қарызға қаражат тарту мақсатында 2024-2029 жылдарға арналған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын қаржыландыру бағдарламасы әзірленді», — деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, бағдарлама бюджет қаражатын үнемдеуге және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Сонымен бірге, жыл соңына дейін коммуналдық қызметтерді тұтынудың „көп тұтынсаң — көп төлейсің“ қағидаты бойынша бекітілген әлеуметтік нормаларын ауқымды қолдану көзделуде. Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының мүдделерін қорғау мәселелері пысықталатын болады. Осылайша, салалық заңға әлеуметтік маңызы бар қызметтер және оларды мемлекеттік көрсетілетін қызметтер процестеріне ұқсас регламенттеу ұғымы енгізіледі. Көлік-логистика саласында таяудағы 3 жылда рентабельділік деңгейге дейін жүктерді темір жолмен тасымалдауға реттелетін тарифтер бекітіледі», — деді Нұрлан Байбазаров.

 

Соңғы жаңалықтар