Тұрғын үй мен салық: Президент қандай құжаттарға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар заңға қол қойды. Ішінде Салық кодексіне түзету енгізетін және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесіне қатысты құқықтық құжаттар бар. Жаңа заңдар қоғамға қалай әсер етеді? Салаларда нендей өзгеріс болуы мүмкін? Kazinform тілшісі тарқатып көрді.

ТКБ және МИБ: Тұрғын үй басқарудың жаңа бағыты
Мемлекет басшысы тұрғын үй саласындағы түйткілді шешуге бағытталған екі заңға қол қойды. Алғашқысы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экпорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы.
Мұнда баспана мәселесіне қатысты кешенді өзгерісті байқау қиын емес. Маңыздысы, заңдағы түзетулердің бірінші блогы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Демек, өзгеріс көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге көмек бермек. Әсіресе, заң көппәтерлі үйлерді басқарудың қарапайым серіктестік секілді моделін жояды.

Ендігі жерде басқарудың тек екі формасы қолданылатын болады: ТКБ (тікелей бірлескен басқару) және МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі). Қарапайым серіктестік түріндегі басқару нысаны жойылады.
Мысалы, тікелей бірлескен басқару кезінде пәтерлер саны 36-ға жетпесе, тұрғындар заңды тұлға құрмай немесе басқару субъектісін тартпай-ақ дербес басқаруға құқылы. Оған қоса Екінші деңгейлі банкте шот ашуға міндетті емес. Ал пәтер саны 36-дан асса, кондоминиум объектісін басқару ұйымының бірімен келісімшарт жасасуға міндетті.
Заңдағы өзгерісте мүлік иелерінің қауымдастығы төрағасының өкілеттігі де нақтыланған. Бұл мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұзартылды. Сонымен бірге пәтер иелерінің кооперативі коммерциялық емес ұйым болып қала береді, бірақ бұдан әрі басқару нысаны болып саналмайды. Әрі кетсе аула тазалау, лифті пайдалану секілді ортақ мәселелерді шешуге қауқарлы.
Бүгінде республика бойынша 7 мыңнан астам МИБ құрылған. Енді олар штат жинап, үйді өз бетінше басқаруға құқылы. Оған қоса басқарушы компанияны немесе ПИК-ті таңдай алады.
Айта кетейік, ПИК пәтерлердің кондоминиум объектілерін басқару бойынша қызметтер көрсету мақсатында ғана құрылатын болады. Олар қызметін мүлік иелерінің бірлестігімен жасалған шарт негізінде жасайды. Жаңа заңда қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ПИК-ке қойылатын талаптар бар. Оның бірі – ПИК әрбір үй үшін жеке шот ашуы қажет.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бүгін қол қойған тағы бір құжат – «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы. Құжаттағы өзгерісті ықшамдап айтсақ, енді тұрғын үй саласында әкімшілік жауапкершілік күшейетін секілді. Көбі жауапты мекемелердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған:
· Үйлерге ағымдағы және жинақ шоттарын уақтылы ашпағаны үшін – 50 АЕК (2025 жылы 196 600 теңге);
· Тұрғындарға айлық және жылдық есептерді уақтылы ұсынбағаны үшін – 50 АЕК;
· Құрылыс салушы үйге құжаттаманы ұсынбағаны үшін – кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай 100-ден 200 АЕК мөлшерінде (393 200 теңгеден 786 400 теңгеге дейін);
· Басқару субъектісі үйге құжаттарды ұсынбағаны үшін – 50-ден 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Салық кодексінде не өзгереді?
Сәрсенбіде Президент қол қойған құжат арасында Салық кодексіндегі өзгеріс те бар. Алайда мұны жаңа Салық кодексімен шатастыруға болмайды – ол 2026 жылдан бастап қолданысқа енеді. Бұл жолғы әңгіме 2017 жылдан бастап қолданыстағы, яғни бүгін қолданып жүрген Салық кодексі туралы болып отыр.
Ресми дерекке сенсек, мұндағы өзгерісте жеке ережелерді жаңарту, ескірген ережелерді жою, жеке мақсатты салыққа басымдық берілген.
«2025 жылғы 15 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат 2017 жылдан бастап қолданыстағы Салық кодексіне түзетулер мен толықтырулар енгізеді», – деп хабарлады Ақорда.

Сөзсіз, биыл заң жобаларының ішінде көп талқыланғаны – жаңа Салық кодексі. Жаңа редакциядағы әрбір тарау дискуссия тақырыбына арналып, мамандар мен жауапты министрліктің ортақ мәмілеге келуі қиынға соқты.
Бәрінен бұрын қоғамда жаңа редакциядағы қосылған құн салығының мөлшері қандай болатыны дау туғызған. Себебі Үкімет Салық кодексіне өзгеріс енгізу сәтінде 12 пайыздық ҚҚС-ны 20 пайызға көтеруді ұсынған болатын. Бұл елдегі ҚҚС төлейтін 300 мыңнан астам кәсіпкердің табысы мен қызмет құнының қымбаттауына әкелуі мүмкін еді. Сондықтан талай талқыдан соң қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 16 пайызға тұрақтады.
Орайы келгенде жаңа Салық кодексінің болжамды бедерін бағамдасақ:
- Ақылы медициналық қызметтерге 10% ҚҚС салынады;
- Ауылшаруашылық тауар өндірушілері ҚҚС-тан толық босатылмайды;
- Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады.
- Банк және ойын секторы үшін корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 25% болады;
- Қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі кезең кезеңмен 10%-ға дейін көбеймек;
- Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелері ұлғайтылған салық төлейді;
- Жылдық табысы 33,4 млн теңгеден асатын азаматтар табысының 15 пайызын салыққа төлеуі мүмкін;
- Салық есебін тапсыратындар саны 30 пайызға қысқармақ.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында келер жылы қабылданатын Салық кодексі мен ҚҚС көтеруге айтылған сыни пікірлерге жауап берді.