Тұрғын үй, шипажай, салық жеңілдігі: соғыс және тыл ардагерлеріне қандай көмек көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісінің 80 жылдығы қарсаңында соғыс және тыл ардагерлерін қолдау бағытында бірқатар іс-шара жоспарланып отыр. Толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтып берді.

— Біз соғыс ардагерлерімен қатар, тыл еңбеккерлері мен Жеңіске үлес қосқан басқа да санаттағы азаматтарға кемінде 50 мың теңге көлемінде біржолғы төлем жасауды ұсындық. Сондай-ақ, жоспарға сәйкес, екінші дүниежүзілік соғыс және тыл еңбеккерлерінің денсаулығын жақсартып, өмір сапасын арттыру мақсатында шипажайда емдеумен қамтамасыз ету іс-шаралары көзделген. Одан бөлек, мереке қарсаңында барлық өңірде жалғыз тұратын соғыс және тыл ардагерлеріне атаулы әлеуметтік көмек, азық-түлік себеттерін табыстау ұйымдастырылады. Аталған шаралар бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсынымдар жолданды, — деді Олжас Анафин елордада өткен ардагерлер кеңесінің республикалық пленумында.
Вице-министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, жоғарыда аталған қолдау шараларымен қатар кейбір өңірде жергілікті бюджет қаражаты есебінен бірқатар шара қарастырылған:
— коммуналдық қызмет ақысын өтеу;
— шипажайда емделуге жолдама:
— қоғамдық көлік ақысына жеңілдік.
Оған қоса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, соғыс ардагерлеріне:
— салық жеңілдіктері;
— емханаларда басым қызмет көрсету және кезектен тыс ауруханаға жатқызу;
— Астана және Алматы қаласында арнайы госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсету;
— Тұрғын үй заңнамасына сәйкес, соғыс ардагерлеріне тұрғын үй бірінші кезекте беріледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бүгінде бес өңірде соғыс ардагерлеріне төлем жасалды.
Айта кетейік, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде екінші дүниежүзілік соғысының 111 ардагері бар.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ел аумағында екі мыңдай іс-шара өтеді.
Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай елордада өтетін әскери шеру барлық республикалық телеарна мен LED экрандардан тікелей көрсетіледі.
Бүгін елордада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің III пленумы өтті.