Тұрғындар наразылығынан кейін Орал қаласының ортасына қар шығару тоқтатылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында «Волна» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары өздеріне таяу орналасқан қар үйілетін полигонды жабуды талап етті.

Тұрғындар наразылығынан кейін Орал қаласының ортасына қар шығару тоқтатылды
Фото: Видеодан алынған скрин

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, полигонды жабумен қатар онда жинақталған қарды да шығару қажет. Өйткені көктемде еріген қар суы саяжайларды басып қалуы ықтимал.
Сонымен қатар құдықтар мен ұңғымаларға зиянды заттар түсуі мүмкін. Оған қоса тұрғындардың өздері жөндеп тұратын жолды қар таситын ауыр техникалар бүлдіруде.
Осы мәселеге байланысты Орал қаласы әкімдігінде арнайы жиналыс өткізілді.
Онда қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев аталмыш полигонға қар шығару уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде уәкілетті орган қарды уақытша шығаратын орынды таңдауға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізуде. 

Бұдан бұрын 2024 жылғы желтоқсанға дейін қар телеорталық маңындағы полигонға шығарылып келген болатын. Тұрғындар мен экологтар дабыл көтергеннен кейін ол полигон жабылып, Орал қаласы әкімдігі өзен жайылмасында орналаспағандықтан, қарды «Омега» зауыты ауданындағы аумаққа уақытша шығару жөнінде шешім қабылдаған еді. Енді, міне, бұл да дауға айналып отыр.

— Хаттамалық тапсырма негізінде Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аталған учаскені өз теңгеріміне алу керек еді. Алайда «Геопортал» ақпарат жүйесі екі ай бойы жұмыс істемегендіктен, жердің мемлекеттік актісін алуға мүмкіндік болмады. Топографиялық түсіру және басқа тиісті рәсімдер жасалды. Бұдан бөлек, «Волна» бау-бақша серіктестігінің саяжай учаскелерін су баспас үшін бөгет тұрғызылды. Сонымен қатар саяжайға апаратын кіреберіс жолдар су тасқыны кезеңінен кейін ретке келтірілетін болады, — деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінен.

БҚО экология жөніндегі комиссия мүшесі Татьяна Стариченкова осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. 

— «Омега» зауыты ауданындағы полигон уақытша жабылды. Мұндағы жағдай талқылаулардан кейін белгілі болады. Кеше біздің көзімізше тасылған қардан сынама алынды. Сондай-ақ тұрғындар зиянды заттар бар-жоқтығын анықтау үшін құдықтағы судан сынама алды. Ең бастысы, деректер бұрмаланбас үшін тәуелсіз сараптама жасалатын болады. Полигонда қар қарқынды еріген кезде судан қайтадан сынама алынады, — деді Т.Стариченкова.

Облыс орталығында қар бұдан басқа Асан және «Балауса» шағынауданында орналасқан полигондарға шығарылып келеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көшеден күрелген қарды неге қаланың ішіне төгіп жүргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар