Тұрғын үй кімдерге берілетінін нақты анықтап бердік - Мәжіліс депутаты С. Нұрғисаев
Осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Серікбай Нұрғисаев жетекшілік етеді. Депутат ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында заң жобасының мақсаты және қолданыстағы кодекстер мен заңдарға енгізілетін толықтырулар туралы жан-жақты айтып берді.
- Серікбай Өрікбайұлы, өзіңіз жетекшілік жасайтын жұмыс тобында қаралып жатқан заң жобасының маңызы туралы толығырақ айтып берсеңіз? - Осы сессия барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік жасау міндеті маған жүктелді. Аталған заң жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісіне 2013 жылғы 7 қарашада Үкіметтің қаулысымен енгізілді. Заң жобасының негізгі мақсаты тұрғын үй заңнамасын жетілдіру болып табылады. Тұрғын үй - біздің қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Біріншіден, тұрғын үйдің жетіспеушілігі байқалса, екіншіден, тұрғын үйді салу проблемалары туындап отыр. Яғни, үйді қалай саламыз, құрылысты кімдер жүргізеді және ол қай жерге салынады? Ал тұрғын үй пайдалануға берілген соң, оның ішкі-сыртқы жұмыстарын жүргізуді қалай басқарамыз? Бізде азаматтарымыз пәтерлерін өз меншігіне жекешелендіріп алғанмен, әлі күнге дейін олардың сана-сезімі «Пәтер өзімдікі, қалғаны менікі емес, оған мемлекет жауап береді» деген ұғымнан арыла алмай келеді. Қазір пәтер иелері кооперативтерінің де жұмыстары дұрыс жүрмей жатқаны да сондықтан. Соған байланысты қазір заң жүзінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамын нақтылау, кондоминиум объектісін басқару органдарының және тұрғын үй меншік иелерінің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі жауапкершілігін арттыру мақсаты көзделіп отыр. Сол сияқты тұрғын үйдің іші мен сыртында жалпы мүліктер бар. Атап айтқанда, шатыр, кіреберіс, баспалдақтар, лифтілер, жертөле, су құбырлары, кәріздер жүйесі, сондай-ақ аула, балалар ойын алаңы - соның барлығы кімнің жауапкершілігінде болады? Сонымен қатар біреу астындағы үйге су жіберіп алса, үйдің қабаттары арасындағы бөліктерге кім жауап береді? Осыған байланысты даулар да, тартыстар да болып жатады. Оны шешуге кім араласуы тиіс? Соның бәрі заң жүзінде шешімін табуы үшін қолданыстағы заңдарға толықтырулар енгізіліп жатыр. - Заң бұзушыларды тәртіпке шақыру немесе істі сотқа беру үшін қандай нормалар енгізілді? Мұндай заңды әрекет жасауға кімдердің құзыреті бар? - Әкімшілік істерді қарау, сондай-ақ нұсқамалар мен өзге заң талаптарын орындамау туралы хаттамаларды жасау мәселелері бойынша, сондай-ақ заң бұзғандарға айыппұл салу, оған көнбесе, сотқа шағымдануға мүмкіндік беретін құзырет жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекцияларына бекітіледі. Сондай-ақ тұрғын үйді ұстап тұруға қажетті ақшаны қолма-қол алмай, банкке аудару арқылы қор жинау мәселесі реттелуде. Заң аясында шешіліп жатқан тағы бір мәселе - пәтерді бөлу. Осы орайда, мемлекеттің қаражатына салынған үйлердің бәрін бір жерден, яғни, жергілікті әкімшіліктерден бөлу мақсаты көзделіп отыр. Сонымен қатар жекешелендіруге қатысты да өзгерістер енгізілуде. Айталық, әкімдер бір ауданнан екінші ауданға ауысады, прокурорлар, судьялар, әскери лауазым иелері, қаржы полициялары да қызмет ауыстырады. Олар барған жерлерінде қызметтік үй алады, кетер кезінде жекешелендіріп, сатып кетеді. Енді олай болмайды. Жаңа өзгерістерге орай әр азамат Қазақстанда бір-ақ жерде, бір-ақ рет пәтерін ғана жекешелендіре алады! Оның отбасы мүшелері егер үлесі 50 пайыздан төмен болса, кейін кезекке тұрып, басқа үй алуына құқығы бар. - Өте орынды шешім болған екен. Әйтпесе, біреулер өмір бойы үй ала алмайды, ал қаладан қалаға, бір қызметтен екіншісіне тамыр-таныстық арқылы ауысып жүргендердің әр жерде коттедж үйлері, пәтерлері бар екені жасырын емес. - Сонымен бірге, енгізіліп жатқан түзетулердің ішінде қарызын төлей алмаған жағдайда, соттың шешімін орындап, мәжбүрлеп шығаруға қатысты бап бар. Қолданыстағы заңға сәйкес соттың шешімі шыққаннан кейін үйде бір айға дейін мерзімде тұру мүмкіндігі болған. Ал енді депутаттардың бастамасымен аталған норманы талқылау барысында жұмыс тобы осы мерзімді ұзарту және қыстың көзі қырауда, жылыту маусымы кезеңінде халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарын шығаруға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Яғни, бір ай емес, біз бес-алты айға дейін мүмкіндік беріп отырмыз. Аталған ұсынысты заң жобасын әзірлеуші тарап та толықтай қолдады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» деген ұғымды заңдастырдық. Өйткені қазіргі уақытта «бюджеттік мекеме», бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне жатқызылған адамдар тобы Қазақстан Республикасының қандай да бір заңнамалық актісінде анықталмаған. Кезекте тұрғандардың тізімін жыл сайын түгендеу кезінде жергілікті атқарушы органдар растайтын құжаттарды ұсынуды талап етеді, бұл өз кезегінде азаматтардың көрсетілген санаттары үшін мүмкін емес. «Бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» ұғымы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге үміткер болуға құқығы бар адамдар тобын анықтау мақсатында енгізіліп отыр. Сөйтіп, бюджеттік мекеме - бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік кәсіпорын деп ашық жазып, тұрғын үй кімдерге берілетінін нақты анықтап бердік. Сол секілді көп балалы отбасылар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алғанға дейін олардың кезегін сақтау мәселесі заң жүзінде оң өзгерістерге ұшырап отыр. Айталық, бұрын көп балалы отбасыларды балалары 18 жасқа толған соң, оларды пәтер кезегінен алып тастайтын. Сөйтіп, көп балалы отбасылар үйсіз қалып қоя беретін-ді. Біздің енгізіп отырған өзгерісіміз балалары 18 жасқа толса да, тізімнен алуға болмайды. Ал балалары жеке отбасын құрғанда ғана, есепке алынбайды. Яғни, балалары 18 жасқа толған соң, көп балалы ата-аналарды пәтер кезегінен алып тастауды біз заңмен тоқтаттық. - Тағы қандай оң өзгерістер енгізілді? - Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұсынған түзету қолдау тапты. Онда бейбіт уақытта әскери қызметін атқару барысында қаза тапқан адамның пәтеріне қатысты норма көзделген. «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Заңның нормаларымен коллизияларды жою мақсатында бейбіт уақытта әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған әскери қызметшінің отбасы мүшелері мемлекеттік тұрғын үй қорынан меншікке ақысыз тұрғын үй алу құқығы берілетін болды. Яғни, ондай адамның отбасы мүшелері пәтерді жекешелендіруге рұқсат алып отыр. Және бір мәселе, өткен жылы қабылданған заңға сәйкес жетім балаларға бірінші кезекте тұрғын үй алу мүмкіндігін айқындап берген болатынбыз. Бірақ қазір бізде ол санатқа жататын балалардың саны бірнеше мыңнан асып кетті. Салынып жатқан үйлер толығымен соларға берілмекші. Ал жылдар бойы үй кезегінде тұрған азаматтар кейінге шегерілуде. Айталық, 2014 жылдың 1 тоқсанындағы мәліметтер бойынша, тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде 267 623 адам тұр. Оның ішінде тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны - 38 550 адам. Сондықтан жаңа заң жобасында жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға пәтерлер бөлу кезінде пайдалануға берілетін тұрғын үйдің 20 %-ы мөлшерде квота бекіту көзделіп отыр. - Қолдау таппаған, бірақ өзекті деп танылған қандай түзетулер болды? - Осы заң жобасы аясында бірқатар өзекті мәселелерді шешейік деп депутаттардың беріп отырған толықтырулары өте көп. Бірақ біразы Үкімет тарапынан қолдау таппады. Соның ішінде саяжайдағы үйлерді тұрғын үй қатарына теңестіру туралы ұсыныс болды. Осы түзету қолдауға ие болған жоқ. Өйткені саяжайлар өзендердің бойында, таудың бөктерінде орналасады. Уақытша жеміс-жидек, көкөніс алу үшін қарастырылған жер учаскесі. Сондықтан оларды тұрғын үй деп қарауға болмайды. Мысалы, тұрғын үй салуға бөлінген жер үшін мемлекеттің өзіне алатын міндетемелері бар. Ол жерді су басып кетпеуі керек, жер қыртысы мен топырақ құрамы тексеріледі, опырылып кетпеуі тиіс. Әрі тұрғын үй салынатын аумақтың стандартқа сай көшесі, инфрақұрылымдары болуы қажет. Ыстық және салқын су құбырлары жеткізілуі тиіс, пайдаланылған лас суларды ағызып жіберетін кәріздері болуы керек. Содан кейін ол жерге балабақша мен мектеп, емхана мен аурухана, мәдениет үйі мен спорт кешені салынуы керек. Бірақ бұл жерде проблема бар. Оны шешу керек. Алдағы уақытта саяжайларда тұрып жатқан азаматтардың мәселесін осы не басқа заң аясында шешу қажет деген ұсыныстар айтылды. Әріптестерім, әсіресе, саяжайларды мемлекеттің қажеттілігіне алған кезде, азаматтарға төленетін өтемақыны дұрыс бағалау қажеттігіне тоқталды. Заң жобасын талқылауда депутаттар өте белсенділік танытты. Шынын айту керек, бұл Мәжіліс қабырғасында қызу талқыланып жатқан заң жобасының бірі екені анық. ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев заң жобасы бойынша баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Жалпы, заң жобасымен жұмыс істеу барысында 229 ұсыныс келіп түсті. Депутаттың әр ұсынысының негізінде дәлелдемелер бар, нақты цифрлар мен адамдардың тағдыры бар. Бірақ бәрін бір заңның шеңберінде шешу мүмкін емес. Депутаттардың түзетулері жұмыс тобының отырыстарында, Комитеттің кеңейтілген отырысында мүдделі министрліктер, ведомстволар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Енді заң жобасын екінші оқылымға дайындау үстіндеміз.
- Рақмет әңгімеңізге.