Тұрғын үй құрылысы бойынша үш облыста ең жоғары көрсеткіш тіркелді - министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын үйді пайдалануға беру жыл басынан бері алғаш рет оң серпінге шықты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Министрдің атап өтуінше, осы жылдың үш айында құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6 пайызға өсті.

Көрсеткіштің оң өсімі 14 өңір бойынша тіркелген.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Алматы қаласында, сондай-ақ Ақмола және Қостанай облыстарында байқалып отыр.

«Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу динамикасы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 7,7 пайыздық тармаққа жақсарып, жыл басынан бері алғаш рет оң серпінге шықты. Жалпы 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 0,4 пайызға жоғары. Оң динамика 15 өңірде тіркелді, оның арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалған», - деді Әлібек Қуантыров.

Оның дерегінше, есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 пайызға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 14 өңірде тіркелді.

Ең жоғарғы өсімді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті.

Қостанай, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында керісінше төмендеген.

«7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белгіленіп отыр. 6 көрсеткіш бойынша өсу 6 өңірде байқалуда. Олар Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары. 5 көрсеткіш бойынша оң өсім 4 өңірде – Алматы қаласы, сондай-ақ, Ақтөбе, Павлодар және Түркістан облыстарында тіркелген. 4 көрсеткіш бойынша оң өсім Батыс Қазақстан облысында орын алды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар