Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң қабылданды - Сенат

Құжат үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталады. Осы мақсатта тұрғын үй құрылысына үлестік қатысушылардың қарым-қатынасын реттеу үшін құқықтық алаң құрылатын болады.
Осыған орай, заң арқылы түрғын үй құрылысына қатысудың жаңа тәсілдері қамтылып отыр. Бұлар: тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бойынша кепілдіктер беру; екінші деңгейлі банктер арқылы жобаны қаржыландыру; тұрғын үй қаңқасын құрылыс салушының жеке қаражатына тұрғызу. Осыған орай, тұрғын үй ғимаратын салу үшін заңнамада көзделмеген өзге тәсілдер бойынша үлескерлер қаражатын тартуға тыйым салынатын болады.
«Бұл ретте бірінші тәсіл бойынша құрылыс салушы уәкілетті қомпания құрады. Сосын оның жарғылық капиталына жер учаскесін, жобалау, сметалық хаттаманы, қаражат немесе жобалық құнынан 10-15 пайыздық көлемде аяқталмаған құрылысты кіргізеді. Құрылыс салушыда республикалық маңызы бар қалалар мен астанада кемінде 18 мың шаршы метр, өңірлерде 9 мың шаршы метр тұрғын үйлер салу және кемінде үш жыл ғимаратты салу тәжірибесі болуы керек. Соңғы екі қаржы жылындағы қызметі де шығынсыз болуы шарт. Бұдан басқа, қарыздық және меншікті капиталда арақатыстылығы жеті пайыздан аспауы керек», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов.
Бұдан бөлек, құрылыс салушыларға тұрғын үй ғимаратын салу тәжірибесінен бөлек, меншік немесе мемлекет берген жер пайдалану құқығында ауыртпалықсыз жер учаскесінің болуы, жобалық-сметалық құжаттаманың болуы талап етіледі.
Жалпы алғанда, үлескерлердің қаражатын тарту құрылыс салушының өзінің жеке қаражаты есебінен тұрғын үй ғимаратының қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана мүмкін болады.
Сонымен қатар үлестік тұрғын үй құрылысының тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында заң жобасымен Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның, уәкілетті органның құзыреттері белгіленеді. Сонымен қатар, құжатта үлескерлердің құқықтары мен міндеттері, тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша міндеттемелері мен жауапкершіліктері реттеледі.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.