«Тұрғын үйлер маңында автокөлікті тұраққа қоюдың ережесі әзірленуі тиіс» - баспасөзге шолу

***
Алдағы жылдың ақпан айында Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Сочи қаласында жалауын көтергелі тұрған XXII қысқы Олимпиадасының қызығы басталатын шақ та күн санап жақындап келеді. Бұл жаһандық жарыс 2014 жылдың 7 ақпанында сөреден шығып, 24 ақпанда мәреге жетеді. Ойындарда спорттың 15 түрі бойынша 98 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Соның ішінде Қазақстан атлеттері спорттың 11 түрі бойынша жарысқа жалын қосады. Осыған орай бүгіннен бастап «Егемен Қазақстан» газеті осы Ойындар туралы арнайы бөлім беріп тұратын болады. Ал бүгінгі нөмірде «Дүние додасының дүбірі» деген тақырыппен ақпараттар топтамасы жария етілді. Басылымның Спорт және дене-шынықтыру агенттігінің басшысы Тастанбек Есентаевқа сілтеме жасап хабарлауынша, біздің спортшыларымыз шаңғы, биатлон, фристайл, коньки, мәнерлеп сырғанау және сноуборд секілді спорт түрлері бойынша сайыстарда әлемнің үздік жұлдыздарымен тең дәрежеде шайқасады деп есептеп отыр. «Біз жүлдені ең алдымен шаңғышылар командасынан күтеміз. Содан кейін 2013 жылы әлем чемпионы атанған конькиші Денис Кузин мен жаһандық жарыста екінші болған Денис Тен осы деңгейден табылады деген ойдамыз», - деді ол.
Осы басылымда Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақовтың «Тұрғын үйлер маңында автокөлікті тұраққа қоюдың ережесі әзірленуі тиіс» деген тақырыппен шағын мақаласы жария етілді. Халық қалаулысының пікірінше, қазіргі таңда Қазақстан қалаларының әлеуметтік өзекті проблемаларының бірі аулалардағы автомобиль көлігінің жүктемесі болып табылады. Бұл ретте көппәтерлі үйлер ауласындағы көліктердің ретсіз шоғырлануы тұрғындарға көптеген қолайсыздықтар әкеліп жүр. Автокөліктер арнайы орындарға ғана емес, сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңдарына, көгал-гүлзарларға, тұрғын үйлердің кіреберістеріне, жолдың көлік жүретін бөлігіне және тротуарларға қойылып жатады. Бұл жайт тұрғындардың заңды наразылықтарын тудыруда. «Автокөліктердің аулаларда стихиялы түрде шоғырлануының негізгі себебі, аулалар маңында автотұраққа арналған жерлердің жетіспеушілігі болып табылатыны анық. Сонымен бірге, көліктерін ақылы автотұрақ орындарына қоюға мүмкіндігі жоқ тұрғындармен қоса, автотұрақта орны барлар да көп жағдайда көліктерін аулаларға қойып кетеді. Есесіне қаладағы көптеген автотұрақтар жарым-жартылай бос тұрады. Аулаларда жылдар бойы қараусыз тұрып қалған көлік құралдары да жоқ емес. Бұл мәселе де проблеманы күрделендіре түсіп отыр. Уақыт өткен сайын аталған мәселе қиындай түспесе, оңайламайтыны тағы белгілі. Осыған байланысты автокөліктердің аулаларда көптеп шоғырлануы мәселесін шешу үшін оларды тұраққа қоюдың жеке ережесі әзірленуі тиіс деп білеміз», - дейді автор.
***
Қоғамға танымал саясаткер, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің арманы не? Елорданың ендігі даму бағыты қалай өрбиді? Қазақтың бас қаласына ағылған елге тосқауыл қойыла ма? Астанадағы ең басты мәселе - баспана жайын түпкілікті шешудің жолы табыла ма? Міне, орталықтың тұрғындарын ғана емес, өзге де өңірдегілерді жиі мазалайтын маңызды сауалдарға кеше Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жауап берді. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Тәуелсіздіктің мәңгілікке жалғасқанын қалаймын» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, тек биыл шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде олардан өндірілетін өнімнің көлемі алғаш рет 1 трлн 100 млрд теңгені құрапты. Индустриялық-инновациялық даму бойынша жалпы бағасы 87 млрд астам теңгені құраған 19 инвестициялық жобаның жұмысы жолға қойылып, үш мың адам тұрақты кәсіп тапқан. Кәсіпкерліктің еңсе көтеруіне орай аталған саладан шаһар қазынасына 600 млрд теңге салық түсіп отыр. Республиканың ортақ қазанына қаржы құятын донор өңірлердің төрттігіне кіретін Астана 2015 жылы ол жаққа 7,5 млрд теңге аудармақшы. Ал 2016 жылдан бастап соманың көлемін 17,3 млрд теңгеге көтермекші. «Брифинг барысында әріптестер белгілі әкімнің белгісіз қырлары да қозғалды. Жеке арманы, қайда тұратындығы, әлеуметтік ахуалы сұралды.- Жеке арманым - балаларым мен немерелерімнің аман-сау өсіп, жетілгенін көру. Ал мемлекеттік қызметкер ретінде ата-бабалар армандаған тәуелсіздіктің мәңгілікке жалғасқанын қалаймын, - деген Тасмағамбетов, жеке тіршілігін де жасырмады. - Әкімдердің жалақысы жалпы бір ғой, яғни 650 мың теңге көлемінде аламыз. Астанада жұмыс істеп жатқаныма бес жыл болды. Келген кездегі маған тиген «Audi» маркалы қызметтік көлікпен жүремін. Сондай-ақ «Lexus» маркалы жол талғамайтын көлік бар. Елордада пәтерім болған, алайда қызмет ауыстырып келгенде үш жыл бойы жер үй жалдап тұрдым. Алматыда үйім бар, соны сатып осында жеке үй салып алдым», - депті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан - 2050» стратегиясын жариялағаннан бері 1 жыл уақыт өтті. Осы мерзім ішінде не істелді? «Айқын» газетінің жазуынша, бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев кеңінен тарқата айтып берген. Оның атап өтуінше, «Қазақстан - 2050»-де Елбасы 2050 жылға қарай ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 5 есе арттыруды тапсырды. Сондай-ақ ел агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеуді жүктеді. Бұл тапсырма да жүзеге асырылған.
«2020 жылға дейінгі Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың жаңа бағдарламасы бойынша саланы ары қарай өркендету үшін ел бюджетінде 2020 жылға дейін 3 триллион теңге қаражат көзделді. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша «Бас жоспар» құпталды. Оған қажетті қаржының барлығы қарастырылған», - дейді Бақытжан Сағынтаев. Мақала «Айқын мақсат, асқақ мұрат» деген тақырыппен берілген.