Тұрғындар полицейге тіркелгенін дәлелдеуге міндетті емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтар полицейге уақытша тіркелгенін дәлелдеуге міндетті емес. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұрғындар полицейге тіркелгенін дәлелдеуге міндетті емес

«Учаскелік инспектор келген кезде, адамдар нақты тұрып жатқан пәтерде уақытша тіркелгендігі туралы дәлелдеуге тырыспауы керек. Инспектор құжатыңызды сұрап, ондағы деректерді жазып алуға ғана құқылы. Ол ақпараттық жүйе арқылы жұмыс орнында қажет мәліметтерді тексере алады»,-деді ол.

Сонымен қатар С. Сайынов полицейлер тексерумен 23:00-ден кеш келе алмайтынын айтты. Ал егер көршілердің тыныштығын бұзған жағдайда, полицейлер пәтеріңізге келіп, шағымның себебін сұрауға құқылы.

«Полицияның учаскелік инспекторы өзі қызмет ететін аумақта кімдер тұрып жатқанын білуі тиіс. Яғни, оның тізімінде жақында абақтыдан босағандар, жиі жанжал жасайтындар бар», - деді департамент басшысы.