Тұрғындар түйнеме жұқтырған: Ақмола облысына 1,7 мың дозадан астам вакцина жеткізілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Жақында тұрғындары түйнеме жұқтырған Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы Үшқарасу ауылына 1,7 мың дозадан астам вакцина мен дизенфекциялау құралдары жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

«Әлеуметтік желілерде таралып жатқан қазақстандық сауда сөрелерінде түйнеме жұқтырған ет өнімдері түскені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақмола облысының Қосшы қаласында түйнеме ошақтарының болуы туралы хабарлама да жалған болып отыр», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы Үшқарасу ауылында халық арасында түйнеменің терідегі түрі тіркелді. Барлық науқас медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды. Клиникалық хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Аудандық полиция бөлімі ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерін әкетуді шектейтін блок бекеттер қойып, карантин жариялады. «Үшқарасу» ЖШС мал шаруашылығы кәсіпорны директорынан мал өлімі туралы хабарлама 28 тамызда келіп түскен. Ет жедел түрде тәркіленіп, өлген мал жойылды.


Қазір Жарқайың ауданында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, сондай-ақ ветеринария басқармасы қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы бар. Барлық тексерілген ошақта дезинфекция жүргізілді, әрі қарай зерттеу үшін топырақ пен жер асты суларының сынамалары алынды.

«Ауылға 1,7 мыңнан астам доза вакцина және 900 000 мл дезинфекциялау құралдары, сондай-ақ ошақты тексеру және жою үшін қажетті барлық арнайы техника жеткізілді. Жергілікті жерде «Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ» РММ-нің 9 маманы жұмыс істеп жатыр. Залалды бағалау және аурудан өлген мал үшін өтемақы төлеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр», - деп толықтырды ведомстводан.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын тұрғындары түйнеме жұқтырған Ақмола облысындағы Үшқарасу ауылда карантин жарияланғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар