16:16, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Тұрғындарды құқықтық ақпараттандыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Кеше Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедовтің төрағалық етуімен тұрғындарды құқықтық ақпараттандыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық оқыту мен тәрбие мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жиын барысында Мұрат Мұхамедов Қазақстан Үкіметінің қаулысымен осы бағытта қабылданған бағдарламаның негізгі міндеттеріне тоқталды. Бүгінгі таңда құқықтық мәдениет деңгейін одан әрі арттыру, құқықтық түсіндіру жұмысы мен әдістерін жетілдіру, азаматтарды оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігі істің сапасымен ғана өлшенеді. Бұл ретте мемлекеттік және бюджеттік қызметшілердің және жалпы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса назар аударылуы тиіс.Өткен жылы Бас прокуратураның алқа отырысында мемлекеттік органдардың қызметіндегі заңдылықтың сақталуы жөнінде келелі мәселе қозғалып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заң шеңберінде қорғау қажеттілігі айтылды. Әрине, бұл мәселенің жайдан-жай назарға алынбағандығы белгілі. Өйткені, азаматтардың құқығы мен бостандығын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлері үстінен 44 қылмыстық іс қозғалып, соның 24-і сотқа жолданған.Кеңес төрағасы өз сөзінде Алматы қаласында мемлекеттік органдар мен тұрғындардың және қала ұйымдарының қарым-қатынасын үйлестіретін қоғамдық кеңес құрылғанын айтып өтті. Кеңес тұрғындар арасында заңдылық талаптарды кеңінен түсіндіріп, олардың құқықтық сауатын ашуға ықпал етеді. Осыған орай 2009 жылға арналған өңірлік бағдарлама қабылдау қажет.Облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Тастыбай Лесеров хабарламасында құқықтық мәселеге қатысты облыстық деңгейде атқарылған істерді, өткен жылы осы мақсатта 1386 ақпараттық-насихаттық іс-шараның өткізілгенін баяндады. Барлық білім мекемелерінде құқықтық оқыту ісін жетілдірілуі шарт.Кеңес отырысында алдағы атқарылатын жұмыс жоспары бекітілді.