23:31, 12 Наурыз 2016 | GMT +5
Түрік кәсіпкерлеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркиялық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына инвестиция салуға үлкен ықылас білдіруде. Бұл туралы еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің түрік іскер топ өкілдерімен өткен екіжақты кездесуінде белгілі болды.

Басқосуға Түркиядағы ең ірі 20-дан астам кәсіпорынның жетекшілері қатысты. Оларға бүгінгі таңда елімізде инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен «Бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету жүйесі кеңінен таныстырылды.
Кәсіпкерлермен кездесу барысында 5 инвестор Қазақстандағы жобаларын қайта қаржыландыратынын мәлімдеді. Мысалы 4,2 млрд теңге инвестиция салған Ipek Kagit мамыр айында Астанада санитарлық-гигиеналық қағаздың үш түрін шығаратын жаңа кәсіпорынды іске қоспақ. Ал Ulker Group кондитерлік өнім жасайтын өндірістік кешеніне қосымша 9 млрд теңге қаржы салатын болды. Yildirim Group компаниясы болса, минералды тыңайтқыштар өндірісін инвестициялауға дайын екенін жеткізді, деп жазады khabar.kz.