«Түрік-моңғол мифологиясы» деп аталатын ғылыми-зерттеу еңбек жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны баспаға Білім және ғылым министрлігінің М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесі ұсынған. Түркі мифологиясын зерттеуде ең алғаш Шоқан Уәлиханов түрен салған болатын. Кейін Халел Досмұхамбетов, Мұхтар Әуезов, Сейіт Қасқабасов сияқты аға буын өкілдері жалғастырған дәстүр сабақтастығын жалғастырған Ақеділ Тойшанұлының жаңа туындысы бұл бағыттағы ғылыми еңбектердің қатарын толықтыра түсті. Онда автор екі ұлттың танымы негізінде түркі-моңғол мифологиясының мәселелерін талқылайды. Олардың өзара үндестігі мен айырмашылығын және мифтік бейнелердің бүгінгі мәдениетке әсері мен ықпалын салыстырып, сараптайды. Бұл жағынан алғанда зерттеу Еуразия кеңістігін мекендеген халықтардың арғы-бергі тарихын айқындауда қаперге алынуы тиіс бағдар-бағыттардан да хабар береді.