Түрік профессорының «Оян қазақ» туралы пікірі желіде қызу талқыланып жатыр
Көптің талқысына түскен видео Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің фейсбук парақшасында жарияланды. Шағын видеода Анкара Хаджы Байрам Уәли университеті Түркият зерттеу орталығының директоры Хулия Касапоғлы Ченгел түркі халықтарының азаттық күресінде «Оян» мотиві туралы өз пікірімен бөліседі.
«Түркістандағы алғашқы тәуелсіз мемлекет 1917 жылы Қазақстанда құрылды. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан тарапынан және оның жанындағы оң қолы секілді Міржақып Дулатұлы деген болды. Оның «Оян» деген бір кітабы бар. Түркі дүниесінде «Оян» мотиві өте маңызды», - дейді ол.
Профессордың айтуына қарағанда, осы мотивті пайдаланған түркі әлемінде бірнеше ақындар бар.
«Түркі дүниесінің зиялылары бірін-бірі оқитын еді. «Оян» өлеңіне келер болсам, Акиф те бірдей жазған. Мысалы, Түркия түрікшесімен оның жазған «Уян» өлеңін Міржақып «Оян» дейді. Ұйғыр тілінде де «Ойған» деген өлең шығады. Міржақып, «Оян қазақ» өлеңін 1909 жылы жазады. Демек, меніңше, «Оян» мотивті өлеңдердің қайнар көзі - Міржақып Дулатұлы», - дейді ол.
Профессордың айтуынша, Шығыс Түркістанда «Оян» мотивін Абдулхалық Ұйғыр іліп әкетіп, ұлтқа осы мотив арқылы үндеу тастаған.
«Қазақстанның тәуелсіздігіне жетуі үшін, халықты ағарту үшін Жәдидизмнің жалғасы - Алаш қозғалысы. Халықты ағарту үшін бір қозғалыс және күресіп жатыр», - дейді профессор Хулия Касапоғлы Ченгел.