09:40, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
Түрікменстан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) аймақтық кеңсесін Ашғабадта ашуды ұсынуда
НЬЮ-ЙОРК. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Түрікменстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Ақсолтан Атаева ханым Ұйымның Орнықты даму жөніндегі комиссиясының сессиясында сөйлеген сөзінде,

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) аймақтық кеңсесін Ашғабадта ашу туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Түрікменстан Елшісі, Орталық Азия елдерінің әлемдік азық-түлік дағдарысын шешуде маңызды роль атқара алатынын мәлім етті. Оның айтуынша, республикалардың ауыл шаруашылықтарының дамуы ұлттық деңгейдегі шаралармен шектеліп қалмауы керек. «Осыған байланысты Орталық Азия үшін Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының аймақтық кеңсесін ашу аса қажетті шара, ал Түрікменстан Үкіметі кеңсенің Ашғабадта жұмыс істеуіне барлық жағдай жасай алады», - деді Ақсолтан Атаева. БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі комиссиясының 17-ші сессиясы ауыл шаруашылығын, егін шаруашылығын дамыту, алқаптардың шөлейттенуімен күресу және Африкадағы «жасыл революция» мәселелеріне арналып отыр.