Туристік фирманың банкротқа ұшырауынан қазақстандықтар Түркиядағы қонақ үйге жайғаса алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат -«ELITE CLASS» туристік фирмасының банкротқа ұшырауынан Түркияда 30 қазақстандық қонақ үйге жайғаса алмады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Қазақстандағы әріптесі «Kompas» компаниясы болып табылатын ірі туристік операторлардың бірі бүгін Түркия уақытымен 14:00-де банкротқа ұшырағандарын жариялады. Қолайсыз жағдайға тап болған қазақстандықтарға Анталиядағы Қазақстан консулдығының қызметкерлері көмектесіп жатыр.

 «Элит Класс» өкілдері Қазақстандағы серіктесі «Компас» компаниясының өз міндеттерін атқармауынан банкротқа ұшырағандарын айтуда. «Компас» компаниясынан бөлек, Қазақстанда «Элит Класстың» өзге де серіктестері бар және олардың атауы анықталуда. Әзірге 30 отандасымыз Sueno Belek қонақ үйінің кіреберісінде отыр. Қонақ үй нөмірлері үшін ақы төленбегендіктен, азаматтарға көмек көрсету үшін және оларды қонақ үйге орналастыру мәселелерін шешу үшін Анталиядағы Қазақстан консулдығы оқиға орнына аттанды», - деп жауап берді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне.

«Ертең Анталияға дәл осы оператордан жолдама сатып алған өзге туристер де келе бастайды. Аталған туристік оператордан немесе олармен байланысы бар өзге де компаниялардан жолдама сатып алған азаматтарға мәселе толық шешілмейінше, сапарға аттанбау туралы кеңес береміз», - деп толықтырды Әнуар Жайнақов.

Сыртқы істер министрлігі сапарға шықпай тұрып, қонақ үй нөмірі мен әуе билеттері үшін ақы төленгенін нақтылап алуды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар