Туризм индустриясы комитеті туроператорларға соңғы ескерту жасады

«Турагент шетелдік туристік компаниялармен және қонақ үйлермен тікелей жұмыс жүргізе алмайды. Яғни, турагент міндетті түрде туроператордан туристік өнімді алу керек. Ал туроператор өз кезегінде әуе компанияларымен, шетелдік азаматтармен келісім жасайды», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Жандос Бимағамбетов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Ол өз сөзінде мемлекеттік органдардың атынан «Туристік қамқор» жүйесімен заңды түрде жұмыс жүргізіп жатқан туроператорларға алғыс білдірді.
«Осы жүйеге келмегендерді бізге қосылуын шақырамыз. Бұл - қорға енбеген компанияларға жасалған біздің соңғы ескертуіміз. Алдағы уақытта тексерулерді бастаймыз және ескермегендер айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біз осы соңғы санкцияны бірден қолданғымыз келмеген еді. Бәрінің жүйені толық түсініп алғанын күттік», - дейді ол.
Еске сала кетсек, аталмыш комитеттің өкілдері «Туристік Қамқор» қорына аударым жасамаған туроператордың қызметі заңсыз деп танылатынын хабарлаған болатынбыз. Яғни, қорға қатысушы туроператор әрбір жолданатын турист үшін 0,5 АЕК көлемінде аударым жасауы тиіс.
Тастан Жанатұлы