Туризм саласы бойынша 7 600-ден астам жұмыс орны құрылады - министрлік

агротуризм
Фото: .freepik

АСТАНА. KAZINFORM - Туризм саласынан бюджетке түсетін салық түсімдері 450 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 64 млрд теңгеге артық. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев мәлімдеді.

2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жоғары болды. Биыл бұл көрсеткіш 787 млрд теңгені құрады. Бұл алдындағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53%-ға артық. 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша аталмыш көрсеткіш 3 есеге артып, 177 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 57 млрд теңгеге 117 жаңа туристік нысан ашылды. Тағы жалпы сомасы 430 млрд теңгеге 297 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

«Олар жүзеге асса, 7647 жұмыс орны ашылады. Аталған жұмыс орындарының 3219-ы тұрақты, 4428-і уақытша болады, сондай-ақ 10 мыңнан астам төсек-орын жасақтау жоспарланып отыр. 2024 жылдың соңына дейін жалпы сомасы 246 млрд теңгеге 148 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалар 2457 жұмыс орны мен 5970 төсек-орын құруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті комитет басшысы.

Туризм және спорт министрлігі туризм саласы бойынша инвестициялық әлеуетті дамытуға баса назар аударып отыр. Басым аумақтардың тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, барлық аймақта әлеуеті зор орындар анықталды. Әр дестинацияда басымдық берілетін туристік аумақтар құру жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар