Туризмге де тәртіп керек...- Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Барлыбек жазған заң - «Жетісу» газеті
null 

«Уақыт өтсе де өзінің құндылығы мен мазмұнын, мән-мағынасын жоймай, керісінше, жалпыұлттық деңгейге айналып, сипаты халықтық қолданысқа еніп кететін дүниелер болады. Мұның анық та айқын мысалы - Барлыбек Сырттанұлы жазған «Қазақ елінің уставы» конституциялық еңбегі дер едік. Асылы, бұл еңбек - бүгінгі қазақ құқықтық-заң ілімі тарихының төлбасы. Сөзімізді тарихтың өзі дәлелдеп отыр» деп жазады Алматы облыстық газеті.

Мақалада Барлыбек Сырттанұлының өмірі, қайраткерлігі туралы жазылады. Оның жазып шыққан алғашқы конституциясын талдап, қазіргі заманға сай салмақтайды. Сол зұлматты заманда жазылғанына қарамастан әлі күнге өзектілігін жоймайтын баптарды алға тартады автор. Өткен ғасырдың басында айтылған ойдың өміршеңдігіне қайран қалады.

«Конституциялық еңбектің басты ерекшелігі - қазақылығында. Яғни, қарапайым әрі ұғыныңқы тілде жазылуы. Бәлкім, осы қарапайымдылығынан болар, әр қазақтың жүрегіне жылы тиіп отырғаны. Қазіргі уақытта жазылып жатқан түрлі құқықтық-заң құжаттары мен нормаларын оқи отырып, «қазақшасын» түсіне алмай, орыс тілінде жазылған түпнұсқасына жүгінетініміз өтірік емес. Біздің заңгерлер Барлыбек Сырттанұлы жазған немесе басқа да Алаш зиялыларының құқықтық бағыттағы мұраларымен танысса, сол еңбектердің тіліне, қазақы сөз саптау мәйегіне, тілдік айшықтарына назар аударса дейміз».

Туризмге де тәртіп керек - «Шымкент келбеті» газеті
null

Оңтүстік өңірде туризм қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы жергілікті биліктің туризмді ұйымдастыру ісінде де ілгерілеушілік бар екені байқалады. «Демалысты ұйымдастыру мен қызмет көрсету белгілі бір жауапты тұлғалардың міндеті делік. Ал туристің, қыдырушының мәдениеті ше? Экологиялық сауаты?» деп жазады «Шымкент келбеті» газеті.

Бұл ғана емес, мақалада элогиялық мәселелермен қатар, табиғат пен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жайлары да сөз болады. Қоршаған ортадағы тазалық, экологиялық сауатты арттыру туралы мамандар пікірін келтіреді.

«Созақтағы петроглифтер негізінен мемлекеттің қорғауында. Бірақ, ашық аспан астында жатқандықтан, қараусыз жатыр деуге болады. Ескі қалашықтың аумағына да кіру тегін. Енді осы мәселені жауапты мамандар қолға алып, көне тарихымыздың көзіндей ескерткіштеріміз қорғалса. Осындай сәтте Мақпал көлдің алыста, баруы қиын жерде жатқаны да бір жағынан дұрыс па деп қаламын. Себебі, кез келген адам баратын жерде болғанда көлдің айналасы әлдеқашан ластанып, жол бойы баклажкалар мен целлофан қалталар шашылып жатар ма еді, кім білсін... Ал қазір ол жаққа адам аз барады. Жоғарыда айтқандай, жол алыс әрі оңай емес» депті сұхбатшы.

Ағайынның ахуалы қандай? - «Орталық Қазақстан» газеті
null
«Орталық Қазақстан» газеті күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде оралмандар ахуалы туралы жазыпты. Бұл ретте газет «шетелдегі ағайынды шақырып қана қою жеткіліксіз» екенін, оларды жаңа ортаға бейімдеу, мемлекеттік қызметке тарту мәселесі басты назарда болуы тиістігін алға тартады. Айта кетерлігі, дәл осы мәселе Теміртаудағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде талқыланыпты. Жиында Теміртауға көшіп келген ағайынның басты мәселесі - тұрғылықты тіркеуге тұру, әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізу және балаларын мектепке орналастыру екендігі белгілі болған.

«Бүгінде Теміртау қаласында 1500-ге жуық оралман тұрады. Олардың 277-сі биыл көшіп келгендер. Көші-қон полициясы басшысы қалаға көшіп келушілердің қатары жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтты. Жиын барысында шекараның арғы бетінен «елім, жерім» деп келген ағайындар өз бастарынан кешкен қиындықтарымен бөлісті» деп жазады газет.

Имамдар да медиатор болады - «Атырау» газеті
null

«Атырау» газетінің жазуынша, соңғы жылдары өңірде тұрмыстық дауласу көрсеткішінің жоғарылап, сәйкесінше ажырасу жағдайы көбейген екен. Бұл ретте сот жүйесіндегілер дәстүрлі діндердің ұлттық бірлікті қалыптастыруда және ұлттық моральдық денсаулықты қамтамасыз етуде атқаратын рөлі зор екенін алға тартады. Мәселен, өткен замандарда бейбіт өркениеттерде даулар данагөйлер, мешіт және ғибадатхана өкілдерінің көмегімен шешіліп отырған.

«Бүгінгі медиация кешегі билер институтының заңды жалғасы. Исламның өзі тұрақтылықты, бірлікті ту еткен дін. Әдетте, мешітке өзара түсінбеушілік, отбасылық жанжал мәселесі бойынша кеңес сұрап келіп жататын азаматтар бар», - дейді Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров.

Осылайша, сот пен дін өкілдері ынтымақтаса отырып, жұмысқа кірісетін болады.

Таланттар неге Таразға тұрақтамайды - «Ақ жол» газеті
null

Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті өңірдің талантты тұлғаларға кенде емес екенін, алайда соңғы жылдары талантты жастардың Таразда тұрақтамайтыны туралы мәселе көтеріпті. Әсіресе спорт саласындағы мықтылар өзге өңірге кетіп, басқа облыстың намысын қорғап жүргендігі жергілікті жұртшылықтың жанына бататын көрінеді. Әлгіндей мықтылардың арасынан мақала авторы грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев пен таэквондошы Руслан Жапаровты атап өтіпті. Мәселенің мәнісіне жету үшін автор спорт пен мәдениет саласының мамандарына жүгінген.

«Жасыратыны жоқ, қазір жағдайымыз аса мәз емес. Бұрындары облыс чемпионатынан он салмақ бойынша жеңімпаздарға және одан бөлек талантты бес балаға айлық тағайындайтынбыз. Олар дәрежелеріне қарай жақсы жалақы алатын. Қазіргі кезде ондай жоқ. Тек ел құрамасына өткен спортшыларға ғана төленеді. Соның салдарынан бұрын клубта жетпіске жуық боксшы болса, бүгінде олардың саны отыздан әрең асады»,- деген екен спортшылар бапкері.

Ал облыстық филармония әншісі «талантың болса бәрібір тасада қалмайсың» дегенді алға тартады. Оның айтуынша, әлемді Таразда жүріп-ақ мойындатуға болады.

«Алайда, бұл ретте айта кететін бір жағдай бар. Бізде өнер саласында жақсы жоғары оқу орны жоқ. Содан кейін көп дарынды жас өрендеріміз басқа қалаға оқу үшін кетіп жатады. Сонда 3-4 жыл оқып, білім алып жүріп, бауыр басып, қайтқысы келмей қалады. Тойларға шығып, табыс тауып, танымалдылық қуа бастайды. Республикалық, халықаралық байқауларға сол оқып жатқан университеттің, өзге өңірдің атынан шығып жатқан көптеген жамбылдық жалынды жастарды көріп, әттеген-ай деп отырамыз. Егер Таразда өнер саласында жақсы оқу орны болса, облыстың түкпір-түкпірінен шыққан таланттар сондай білім алып, облыстың өнерін, мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосатын еді деп ойлаймын».

Жеті күнде трактор құрастырған «конструктор» - «Орал өңірі» газеті
null

Ауыл адамдарының өмірі суреттелген «Орал өңірі» газетіндегі мақалада ауыл тұрғыны Ербол Исинжоловтың қолдан трактор құрастырғаны айтылады.

«Ерақаң өзі қырықтың үстіндегі азамат екен. Еркебұлан деген інісі екеуі күннің межесін орындап, шөпті шауып болып, арбаға тиеп қойыпты. Тұрқы аздап үнді киноларындағы машиналарға ма, әлде «УАЗ-ға» ұқсай ма екен, әйтеуір, бір көлік арбаны сүйреп, ауылға кетейін деп дайындалып тұр. Сөйтсек, Ерболдың қолдан құрастырған тракторы осы екен».

Жазуынша, арманындағы көлікті құрастыру туралы ой Ерболды бала кезден мазалаған екен. Осы оймен жүріп, өзінің не құрастыратынын, ол үшін не керек екендігін біледі. Қажетті құрал мен жабдықты, қосалқы бөлшектерді ел аралап жинады, кейбірін сұрап, кейбірін сатып алады.

«Сөйтіп, биыл 7 күннің ішінде өзінің тракторын құрастырып шығарды. Әуелі қолдан көліктің қаңқасын құрастырды. Оған «Жигулидің» артқы белтемірін, түсінікті қы-лып айтқанда, «мостысын» орнатты. Бұл көліктің қозғалтқыш мо-торы болып күнінде шопандар құдықтан су соруға пайдаланған ЗИД моторы бекітілді. Мотор жаңағы «Жигулидің» қозғалтқыш коробкасына қосылды. Көлік «Жигули» сияқты бес деңгейлі жылдамдықпен қозғалатын болды. Бірақ сағатына 60 шақырымды жүру Ерболға керек емес еді. Сол себепті ол көлігіне жаңа шкив тақты. Жаңа шкив агрегаттардың, яғни шөп шабатын орақ пен тырнауыштың шабындықтың бетінде үзіліс қалдырмай, қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік берді. Айтпақшы, Ерақаң тырнауышты көлігіне лайықтап өзі жасап алды. Ал, кеңес кезіндегі өгізге арналған 1, 2 метрлік орақ жаңа көлікке керемет үйлесіп кетті. Көліктің алдына «Жигулидің», ал артына «ГАЗельдің» дөңгелегі тағылды. Қазір Көгерісте жасалған трактор шабындықта шөп шауып, шапқан шөпті ауылға тасып, «бұрқыратып» жүр. Ерақаң келесі жылы тракторына лайықтап шөп тайлағыш жасап алмақ. Шаңсорғыштың моторынан жем жаратын аппарат жасап жүрген Ерболдың басында идея деген жететін сияқты. Ербол аға бізбен әңгімесінде тракторының еңбек өнімділігіне көңілі толатынын айтты. Мәселен, трактор өзі шауып, өзі жинап, күніне бес буманың шамасында шөп дайындайды. Адам күші тек техниканы басқаруға ғана кетеді. Қыруар жұмысты бір өзі жасайтын трактордың күнге жағатын бензині 5 литрге де жетпейді».

Жастар татумен неге «тату»? - «Арай» газеті
null

«Арай» жастар газетінің жазуынша, соңғы жылдары өскелең ұрпақ «татуировка», «пирсинг» секілді дүниеге жылдан-жылға, тіпті, күннен-күнге құмартып барады. Бұл ретте автор Тараз қаласында «татушылар» көбейгенін айтады. Тіпті соңғы кездері тату салуға тек жастар ғана емес, үлкендер де баратыны жиілепті. Ал әлгі тату салушы маман «Таразда елдің дұрыс көзқарасы енді қалыптасуда» екенін айтыпты.

«Бізде татуы бар болса, ол міндетті түрде түрмеде отырған деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Маған күніне орта есеппен 5 адам тату салдыртады. Кәмелетке толмағандарға міндетті түрде ата-анасының рұқсатымен ғана саламын. Ал, таңғалғаным бір ай бұрын 64 жастағы апай келіп, тату жасатты. Осы секілді 40,50 жастағы кісілер де көп келеді».

Автор татудың медициналық тұрғыда оның зияны да орасан екенін айтып өтеді.

«Терінің эпидермис қабаты қорғаныштық қызмет атқарады. Және теріде кератин және меланин қабаттары болады. Оның бірі теріні қайтадан түлетіп, жаңартып отырса, екіншісі ультракүлгін, яғни, күн сәулесінен қорғайтын қызметке ие. Бұл екі қабатқа да тату шеберлері 0,8 сантиметрге органикалық бояулар арқылы суретті орналастырады. Ол кезде терінің жоғарыда аталған екі қызметі де бұзылады. Пигменттердің жұмысы реттен шыққаннан кейін терінің рак ауруы пайда болуы мүмкін. Яғни, ол жердегі тері өмір сүруін тоқтатады».

Ендеше осындай зияндылығын біле тұра жастар неге тату салдыруға құмар?

Мақалада дін мамандарының да, жастардың да татуға қатысты пікірлері келтіріледі.

Квотаны көбейтумен жағдай жақсара ма - «Сарыарқа самалы» газеті


«Сарыарқа самалы» газетінің жазуынша, Қазақстанда әрбір бесінші отбасылық жұп табиғи жолмен сәби сүйе алмайды екен. Соның салдарынан олар экстрокорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісіне жүгінеді. Айта кетерлігі, бұған мемлекеттен арнайы квота бөлінеді. Алайда, осы мақсатқа қарастырылатын қаржы да, бөлінетін квота да аздық етеді екен. Осыған байланысты газет «квотаны көбейту бала сүю проблемасын шеше ала ма?» деген сауалға жүгініп, тиісті мамандарды сөйлетеді.

«Квота берілгенмен көп жағдайда бірінші ЭҚҰ-дан кейін нәтиже болмауы мүмкін. Бастысы болашақ ата-ана денінің саулығына бала кезден көңіл бөлсе, мұндай келеңсіздіктер болмайды» деп түйіндейді автор.

Сыр елінің жас таланты әлеуметтік желідегі вирусқа қарсы қорғаныс жүйесін ойлап тапқан - «Сыр бойы» газеті
null

«Сыр бойы» газетінің жазуынша, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәлімгері Дас¬тан Айтбай өзі жасаған жүйесі вирусқа мықты тосқауыл болатынына сенімді. Тіпті бұл хакерлердің жемтігіне айнала қоймайтын жоба ретінде бағаланған көрінеді. Әлеуметтік желіде вирус тарататын сілтеме өте көп. Оларға қарсы антивирус жасалғанымен, көп ұзамай оны жойып жіберетін өзге вирус пайда болатыны баршаға аян. Осы мәселенің шешімін тапқан Дастан бұл еңбегімен республикалық байқауларға қатысып, жүлделі оралып қайтыпты.

«Франц Кафка есімді жазушының өмірлік ұста¬нымын негізге алып, жобамды «Кафка» деп атадым. Жобаның басты ерекшелігі - хакердің өзіне дәл сол шабуыл тізбегін кері қайтарып, өзін әлсіз етуінде. Яғни, жіберілген вирус бұрынғы «ұясына» барып, арқалап келген жүгі арқылы өзін-өзі жойып жібереді. Жобаны келешекте дамытып, түрлі вирустың таралуына кедергі келтірмекпін» депті өнертапқыш.

«Ал біздің мақсат - аталған хакерлік қылмысқа қарсы тұру. Осы тұста «C++sharp» компьютерлік бағдарлама тілінің негізінде сайт жасаған абзал. Өйткені, бұл тіл - қауіпсіз әрі қиын тілдің бірі» деген екен.

Соңғы жаңалықтар