Түркі әлемінің тарихын түгендеген қос томдық жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін «Түркістан» энциклопедиясы астаналықтарға таныстырылды. Қос томдық жаңа басылым тұтас түркі өркениетінің тарихы мен мәдени мұрасын түгендейді. 880 беттен тұратын еңбекті әзірлеуге 300-ден астам ғалым мен зерттеуші атсалысқан. Олар төрт мыңнан астам атау мен ұғымды қайта зерделеп, бұрынғы басылымдарда қамтылмаған тарихи тұлғалар, маңызды оқиғалар мен жер-су атаулары туралы жаңа мақалалар әзірлеген.
Әзірге кітаптың әр томы мың данамен қазақ тілінде басылып шықты. Алдағы уақытта бауырлас елдердің тілдеріне аудару жоспарланып отыр. Жоба авторы Дархан Қыдырәлі бұл еңбекті берісі Орталық Азияда, арысы түркі әлемінде баламасы жоқ энциклопедия деп бағалады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесінің 2021 жылғы 31 наурызда өткен саммитінде «Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын» деп атап айтқан еді. Бұл сөз бізге бағдар болып, 2021 жылы басталған жоба нәтижесінде 4 мыңнан астам мақала қамтылған осы қос томдық энцликлопедия жарық көрді. Қолдау көрсеткен Түркістан облысының басшылығына ризашылық білдіреміз, — деді өз сөзінде Дархан Қыдырәлі.
Бұған дейін Түркістанның екі мың жылдығына орай бір томдық «Түркістан» энциклопедиясы жарық көрген еді. Содан бері өңірде де, тұтас түркі әлемінде де елеулі өзгерістер болды. Сондықтан жоба авторлары жаңа басылымға Түркістанның түркі жұртының рухани орталығына айналу жолын, кейінгі жылдардағы ауқымды өзгерістер мен ғылыми жаңалықтарды енгізуге күш салған.
— Іргелі еңбектің безендірілуіне ерекше мән берілді. Басылымда тарихи және географиялық карталар, тарихи тұлғалардың портреттері, миниатюралар, жаңғыртпа сызбалар, археологиялық және сәулет ескерткіштерінің суреттері, сондай-ақ арнайы түсірілген түрлі-түсті фотосуреттер пайдаланылды, — деді деді жоба жетекшісі академик, қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Қыдырәлі.
Екі томдық еңбектің тұсаукесері дөңгелек үстел форматында өтті. Жиынға түркі елдерінің елшілері, ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Олар ортақ тарихи мұраны зерделеу мен түркі халықтарының рухани байланысын нығайтудың маңызын атап өтті.
— Бүгінде елдеріміз — Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастар президенттеріміздің берік саяси ерік-жігерінің арқасында одан әрі нығайып келеді. Сонымен қатар екі ел де түркі әлемінің ықпалдастығы мен бірлігіне елеулі үлес қосып отыр. Бүгін таныстырылып отырған «Түркістан» энциклопедиясы да — осындай қолдау мен қамқорлықтың нәтижесі, — деді Әзербайжандағы «Түркістан» газетінің бас редакторы Агил Джамал.
Айта кетейік, іс-шара барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Мемлекет басшысының атынан энциклопедияны әзірлеуге атсалысқан Тұрдықұл Шаңбай мен басылымның жауапты редакторы Жандос Бәделұлына «Барыс» арнайы белгісін және Алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, бүгін Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны таныстырылды.