Түркі елдері бірлесіп, дәрі-дәрмек сатып алу тетігін дамытпақ
АСТАНА. KAZINFORM – «СҚ-Фармация» Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлесіп, дәрілік заттарды топтасып сатып алу тетігін дамыту жоспарын жариялады.
Компания мәліметінше, топтасып сатып алу баға мен логистикаға тәуелділікті азайтып, экономикалық тұрғыдан тиімді құрал ретінде қарастырылып отыр.
– Бұл тетік ұлттық сатып алу жүйесін алмастырмайды. Ол тек әлеуметтік маңызы бар, тапшылық қаупі жоғары әрі құны қымбат дәрілік заттар бойынша қолданылады, – деді «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.
Бастама отандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдауға да мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өткізу нарығы кеңейіп, ұзақ мерзімді келісімшарттар саны артады, өндірісті жергіліктендіруге серпін беріледі.
Қазіргі таңда Қырғызстан және Өзбекстанның салалық ұйымдарымен бірлескен жұмыс топтары құрылып, жол карталары келісілген. Сонымен қатар тетікті кезең-кезеңімен іске асыру тәсілдері бекітілген.
– Қазір ынтымақтастықтың құқықтық және ұйымдастырушылық рәсімдері пысықталып жатыр. Сондай-ақ Әзербайжан Республикасына бастамаға қатысу жөнінде ресми ұсыныс жолданды, – деді ол баяндамасында.
Бұдан бөлек, «СҚ-Фармация» біріктірілген сатып алуларды іске асыру үшін Қазақстан заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеген.
Айта кетейік, 1439 байланыс орталығы дәрі-дәрмекке қатысты 39 мыңнан астам өтініш қабылдағаны жайлы жазған едік.