Түркі халықтары Silk Way Star арқылы бірлігін бекемдеп жатыр - Айгүл Надирова
АСТАНА. KAZINFORM – Silk Way Star байқауы түркі тілдес елдер басшыларының бастамаларымен үндес. Silk Way Star музыкалық жобасының әділқазылар мүшесі, Өзбекстанның халық әртісі Айгүл Надирова осылай деді.

— Маған алғаш Қазақстанда өтетін 12 елден өнерпаздар сынға түсетін байқауда әділқазы боласыз дегенде шын қуандым. Бұл бәрімізге өте қажет жоба, себебі ол түркі халықтарын біріктіре түседі. Сондықтан оның келешегі зор деп санаймын, - деді әнші Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.
Сондай-ақ ол төреші ретінде өнерпаздарды қалай бағалайтынын атап өтті.
— Өз елімде елішілік деңгейдегі байқауларға қазылық еттім. Ал бұл халықаралық жоба болғандықтан мен үшін жаңа тәжірибе, себебі басқа елдің өнерпаздарымен, олардың әдіс-тәсілдері, сахнаға шығуы, жұмыс істеуімен танысып жатырмын. Сондай-ақ 12 елден келген төрешілердің де жұмысын жіті қадағалап отырмын. Бұл әуелі вокалдық байқау болғандықтан бірінші кезекте оның дауыс техникасына, тембріне мән беремін. Сосын өзін сахнада ұстауына, әнді тыңдарманға жеткізе алуына қараймын, - деді Айгүл Надирова.
Одан бөлек әділқазы бұл тек өнер байқауы емес, сонымен қатар түркі халықтары арасындағы мәдени көпір екенін айтты.
— Сондықтан Silk Way Star музыкалық жобасының саяси тұрғыда мәні зор. Бұл байқауға негізінен түркітілдес халықтардан үміткерлер қатысып жатыр. Біз сонау көне заманда бір халық болдық. Біз қашан да бірлікте болдық. Осы жоба арқылы сол бірлігімізді бекемдеп жатырмыз. Қазір біздің елдеріміздің басшылары өзара достықта болу үшін көптеген бірлескен жобаларды жасап жатыр. Ал бұл байқау сол жобалармен үндес әрі қосымша бір леп әкеледі деп санаймын, - деді ол.
Еске сала кетейік, байқауда Қазақстан атынан әнші Alem өнер көрсетіп жатыр.
Бұған дейін әділқазылар мүшесі Самира Эфенди бұл байқау бірден 12 елге танылуға мүмкіндік беретін жоба деп атаған еді.