Түрік лирасы өз құнының 97%-ын жоғалтты

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның валюта нарығы кезекті, бірақ таныс өзгерісті бастан кешіріп отыр: лира курсы тарихта алғаш рет бір долларға шаққанда 42 лирадан асты, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Түрік лирасы өз құнының 97%-ын жоғалтты
Фото: Anadolu ajansı

Белгілі болғандай, Түркияның ұлттық валютасы 2010 жылдан бері өз құнының шамамен 97%-ын жоғалтты, бұл миллиондаған азаматтың жинақтары жойылғанын білдіреді.

Түрік лирасы ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс және инвесторлардың елдің қаржылық саясатына деген сенімінің жоғалуының символына айналып, құлдырап жатыр. Осы аптада айырбас бағамы бір доллар үшін 42 лирадан асты — бұл соңғы 15 жылда валютаның құнсыздану тереңдігін көрсететін жаңа рекордтық құлдырау.

Елдегі инфляция әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр — сарапшылардың бағалауынша, Түркиядағы нақты бағаның өсуі ресми көрсеткіштерден айтарлықтай асып түседі.

Экономистер дағдарысты ұзақ уақыт бойы арзан ақша саясатымен және үкіметтің орталық банк шешімдеріне араласуымен байланыстырды. Президент Режеп Тайип Ердоған ұзақ жыл бойы инфляцияның өсуіне қарамастан пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуді талап етіп келді, бұл шетелдік инвесторлардың сенімін кетіріп, валютаға қысымның артуына әкелді.

Лираның құнсыздануы күнделікті өмірде сезіліп отыр. Азық-түлік, отын және пәтер ақысы ай сайын дерлік өсіп келеді, ал тұрғындар жинақтарын доллар мен алтынға айналдырып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, ақша-несие саясатын тұрақтандыру және елдің негізгі реттеушісінің тәуелсіздігін қалпына келтіру бойынша шешуші шаралар қабылданбаса, ұлттық валюта құнсыздануды жалғастырып, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді ушықтыруы мүмкін.

Бұған дейін Түркиядағы ұлттық валютаның құнсыздануы салдарынан елдегі ең ірі банкнот — 200 лираның құны 5 АҚШ долларынан төмен түскенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар