Түркі мемлекеттері энергия саласындағы ынтымақтастықты арттырады – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түркі мемлекеттері энергия саласындағы ынтымақтастықты арттырады – шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: trtkazakh.com

Букмекерлік қызметтерді жарнамалайтын 70-ке жуық веб-сайт бұғатталды – ӨзА

Бәсекелестікті қорғау комитеті құмар және тәуекелге негізделген ойындарды насихаттауға бағытталған веб-сайттар бойынша кезекті зерттеу мен талдау нәтижелерін жариялады.

Комитет хабарынша, жарнамаға қатысты заңбұзушылықтарға жедел шаралар көру мақсатында тиісті ұйымдармен өзара ынтымақтастық жолға қойылған. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

Букмекерлік қызметтерді жарнамалайтын 70-ке жуық веб-сайт бұғатталды – ӨзА
Фото: ӨзА

Хабарламада мәлім болғандай, сонымен бірге букмекерлік қызметтерге қатысты жарнаманы таратуға бағытталған веб-сайттарға қолжетімділікті шектеу (бұғаттау) шаралары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, биыл атқарылған жұмыстар нәтижесінде букмекерлік қызметтерді насихаттайтын 86 веб-сайтты бұғаттау бойынша тиісті бақылау органына ақпарат жолданып, соның ішінде 70-ке жуық сайт белгіленген тәртіппен бұғатталған.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, «Жарнама туралы» заңның 46-бабына сәйкес, құмар ойындары және тәуекелге негізделген өзге де ойындар жарнамасына тыйым салынады.

Иранда басқару саласында әйелдердің маңызы қай деңгейде – Eurasia Today

Кейінгі жылдары Иранда әйелдердің рөлі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Eurasia Today ақпарат агенттінде бұл туралы ирантанушы PHD Гүлбақыт Құдайбергенованың мәлімдемесі келтірілген. 

Иранда басқару саласында әйелдердің маңызы қай деңгейде – Eurasia Today
Фото: Еurasia Today

Аталған басылымның дерегінше, бұрын қоғам мен сарапшылардың назары негізінен құқықтық және әлеуметтік шектеулерге аударылса, қазіргі жағдай, әсіресе білім, кәсіби қызмет және саяси салаларда шынайы жетістіктерді көрсетеді. Бұл елдің әлеуметтік және экономика салаларында елеулі өзгерістер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.

Әйелдер білім беру деңгейінде көп уақыт бойы университет студенттері мен академиялық қауымдастық мүшелерінің көпшілігін құрады.

Eurasia Today ақпарат агенттінің келтірген мәліметіне сүйенсек, 2025 жылға қарай әйелдер ғылыми кеңес мүшелері мен зерттеушілердің 56 пайыздан астамын құрады, ал студенттер арасында бұл көрсеткіш 63 пайызға жетті.

Сондай-ақ әйелдердің басқару және қоғамдық саладағы жетістіктері де айтарлықтай айқындалған. Атап айтқанда, кейінгі жылдары ондаған әйел басқарушылық қызметке, соның ішінде министрлікке, мемлекеттік мекемелерге және елшілер мен бас консулдар сияқты дипломатиялық лауазымдарға тағайындалды. Бұл ел тарихында алғаш рет әйелдердің дәстүрлі түрде ер адамдарға тиесілі саналатын мамандықтардағы табысының тұрақты үлгілерін қалыптастырып, әйелдер басқару үдерістеріндегі белсенділерге айналды. Бұл олардың кәсіби ұстанымдарын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар әйелдердің ресми саясаттағы құзырының біртіндеп кеңейгенін білдіреді.

Бейжіңде Қытай-Қазақстан әдеби конференциясы өтті – «Халық газеті»

10 желтоқсан күні Қытай Жазушылар одағы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп,  Бейжіңдегі Қазақстан Мәдениет орталығында Қытай-Қазақстан әдеби конференциясын өткізді. Іс-шараға Қытай Жазушылар одағы төрағасының орынбасары У Ицинь мен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Кұлкенов қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті» басылымы. 

Бейжіңде Қытай-Қазақстан әдеби конференциясы өтті – «Халық газеті»
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, конференцияда екі тарап «Қытай Жазушылар одағы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына» қол қойды. Меморандумға сәйкес, екі одақ Халықаралық жастар поэзиясы фестивалі, қытайтанушылардың әдеби аудармасы бойынша халықаралық симпозиум және «Бір белдеу, бір жол» әдеби альянсы сияқты платформаларда тығыз қарым-қатынасты жалғастырады. Бұл байланыс қаламгерлердің қос тарапқа өзара қатынауын, туындыларының аударылып басылуын, сондай-ақ әдеби форумдарды бірлесіп өткізу ынтымақтастығын тереңдетеді.

Айта кету керек, конференция барысында қос елдің жазушылары Қазақстан жазушыларының кітап көрмесін аралады. Айтулы шара барысында жыр оқылып, ән айтылып, күй тартылып, қалам ұстаушылардың шабыты бекемделді.

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Астана ЛРТ қызметкерлері кәсіптік дағды бойынша 3 айлық сабақ алу үшін Тяньцзинь қаласына келді» деген тақырыпта ақпарат жарық көрді. 

Астана ЛРТ қызметкерлері кәсіптік дағды бойынша 3 айлық сабақ алу үшін Тяньцзинь қаласына келді
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық басылымның дерегінше, 5 желтоқсанда Астана ЛРТ-ның мамандарының екінші тобы Тяньцзиньде оқу-жаттығу курсының ашылу салтанатын өткізген.

Атап айтқанда, оқу курсы 3 айға созылады. Онда «теория + практика» оқыту моделін ұстана отырып, көлік құралдары, байланыс, дабыл, электрмен жабдықтау, көлік жүргізуді ұйымдастыру сияқты 7 негізгі кәсіби курстарды ұйымдастырады. Бұл тыңдаушыларға толыққанды кәсіби теориялық негіз құруға және бірлескен командалық қабілетті жүйелендіруге көмектеседі.

Бұған дейін Тяньцзинь Теміржол транзиттік тобы Астанаға бір айлық теориялық дәріске кәсіби мамандарды жіберген болатын.

Иран шөлді ел ме? – ParsToday

Шетелдік пайдаланушылардың Google-да жиі қоятын сұрақтарының бірі – Иран тек шөлді және құрғақ ел ме? Бұл туралы ParsToday ақпарат агенттігі жазды.

Иран шөлді ел ме?
Фото: parstoday.ir

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Иранның жай ғана шөлді және құрғақ ел екені туралы түсінік көбінесе БАҚ-тағы және кейбір қоғамдық дереккөздердегі стереотиптік бейнелерге байланысты болып отыр. Дегенмен, Иранның шындығы әлдеқайда басқаша және күрделірек.

ParsToday мәліметінше, Иран – 1,6 млн км² астам аумақты алып жатқан кең байтақ жер және өзінің ерекше географиялық орналасуына байланысты климаттық әртүрлілікке ие. Көпшіліктің пікіріне қайшы, Иран – жай ғана шөлді емес; бұл төрт мезгілі бар ел, онда оның әртүрлі бөліктері бір уақытта әртүрлі ауа райын байқауға болады.

Келтірілген ақпараттарға сүйенсек, елдің солтүстігінде, қалың ормандар мен мол жауын-шашынмен ерекшеленетін Альборз тау жотасы орналасқан. Сондай-ақ Рашт және Сари сияқты қалалардың климаты жауын-шашынның көптігіне байланысты шөлді аймақтардан мүлдем өзгеше. Ал оңтүстікте Парсы шығанағы мен Оман теңізінің жағалаулары жылы және ылғалды климатымен танымал екені айтылады. Сонымен қатар батысында қарлы қысы мен жұмсақ жазы бар Загрос тау жотасы Иран табиғатының тағы бір қырын ұсынады. 

Ирандық басылым жазба соңында сұрақтың жауабын айқындайды. Иран тек шөлді ел ғана емес, сонымен қатар табиғи және климаттық әртүрлілігі мол, әр бұрышы ерекше әлемді ұсынады деп қортындылайды.

Сондай-ақ осы аптада ParsToday-де «Неліктен әлемдік транзиттің болашағы Ирансыз мүмкін емес?» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Неліктен әлемдік транзиттің болашағы Ирансыз мүмкін емес?
Фото: parstoday.ir

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс дәліздерінің орталығында орналасқандықтан, Иран жаһандық саудадағы стратегиялық ойыншыға және геосаяси теңдеулердің негізгі ойыншысына айналды.

Үндістан мен Ресей арасында «2030 жол картасына» қол қойылғаннан кейін халықаралық дәліздердің маңыздылығы тағы да геосаяси дамудың орталығына қойылды, мұнда Иран өзінің ерекше орнымен жаһандық теңдеулердің жаңа хабына айналды.

ParsToday Hamshahri Online басылымына сілтеме жасай отырып, Солтүстік-Оңтүстік дәлізіне қатысты бұл келісімнің басты назары Иранның Үнді мұхитын Ресей мен Еуропамен байланыстырудағы маңызды рөлін тағы да атап өтті. Бұл бағыт тасымалдау уақытын екі есеге қысқартуы мүмкін.

Сондықтан Иран әлемдегі екі үлкен дәліздің, Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс дәліздерінің қиылысында орналасқан және бұл позиция оны жаһандық сауданың табиғи орталығына айналдырғанын айтады.

Түркі мемлекеттері энергия саласындағы ынтымақтастықты арттырады – TRT

Ыстанбұлда өткен ірі аймақтық энергетикалық саммитте Анкара түрікмен газын Еуропаға жеткізу үшін Каспий теңізі арқылы өтетін бағыт бойынша нақты қадамдар жасауды талап етті. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

TRT-ның дерегінше, Түркия Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар Анкараның Түрікменстанның табиғи газ қорын Түркияға және Еуропаға жеткізуге бағытталған ұзақ жылдардан бері кейінге қалып келе жатқан жоспарларды ілгерілетуге күш салып жатқанын мәлімдеді. Ол ұзақ талқыланып келе жатқан Транс-Каспий газ құбырын өңірдің энергия қауіпсіздігі үшін «стратегиялық тұрғыдан аса маңызды» деп сипаттады.

Ыстанбұлда Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) Энергетика министрлері кеңесінің 5-отырысына төрағалық еткен Байрактар Түркияның ұзақ уақыт бойы тұралап қалған жобаны «нақты кезеңге шығаруды» және Әзербайжан, Түрікменстан және өзге өңірлік серіктестермен үйлесімді түрде алға жылжытуды ресми түрде ұсынғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар