Түркі мемлекеттері төтенше жағдайларда бірлесе әрекет етеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.
Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге (ТМҰАҚТ) Бішкек қаласында 2024 жылғы 6 қарашада мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің аумағында туындауы мүмкін дүлей зілзалалар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен тетігін құру мақсатында қол қойылды.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат апаттар жағдайында Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған өзінің құқықтық субъектісі бар халықаралық ұйым құруды көздейді. Тетіктің негізгі функцияларының қатарына жедел ден қою, адам өмірі мен мүлкін құтқару, медициналық және гуманитарлық көмек көрсету,
сондай-ақ кәсіптік даярлықтың бірыңғай стандарттарын әзірлеу және бірлескен оқу-жаттығуларды ұйымдастыру жатады. ТМҰАҚТ қызметі зардап шеккен мемлекеттің өтініші бойынша ерікті негізде жүзеге асырылады, ал үшінші елдерге көмек көрсету туралы шешімдер консенсус негізінде қабылданады.
- Аталған заңды қабылдау Қазақстанның түркі мемлекеттерімен төтенше жағдайларға әрекет ету саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға, халықтың қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келеді және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға өз үлесін қосады, - деді сенатор Геннадий Шиповских.
Ұйымның әкімшілік құрылымына Министрлер кеңесі (жоғары орган) және штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында (Түркия Республикасы) орналасатын Хатшылық кіреді. Бас хатшыны Министрлер кеңесі ротациялық негізде үш жыл мерзімге тағайындайды. Әрбір тарап өзара іс-қимыл жасау үшін құзыретті орган тағайындайды, Қазақстан Республикасынан осындай орган болып Төтенше жағдайлар министрлігі айқындалған.
Сондай-ақ тараптардың қаржылық міндеттемелері көзделеді: ТМҰАҚТ -ның жыл сайынғы міндетті төлемдерден тұратын өз бюджеті бар. Жеке халықаралық бюджет шарты күшіне енгенге дейін әр тарап үшін жыл сайынғы символдық міндетті төлем 50 000 долларды құрайды. Бұл ретте төлемдердің жалпы сомасынан асатын шығыстарды Келісім күшіне енген күннен бастап алғашқы екі жыл бойы Түркия Республикасы жабады.
Еске салсақ, Парламент Мәжілісі осы заңды биыл қаңтар айында қабылдаған еді.