Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдері форумы: нәтижеге қалай жетуге болады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдері бизнес-форумы аясында тау-кен-металлургиялық кешендегі, өнеркәсіп және мұнай, ІТ саласында қызмет етіп жүрген нәзік жандардың озық тәжірибесі талқыланды.

Бұл жиында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстаннан келген 200-ден астам табысты әрі іскер адам, үкімет өкілдері, инвесторлар мен сарапшылар түркі әлеміндегі әйелдердің экономикалық рөлін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадамдарды талқылау үшін бас қосты.

«Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі - 55,8%. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдарда - 58,9%, ал әкімдіктерде 52,5% шамасында. Шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі көңіл қуантады, яғни осы саладағы адамдардың тең жартысы - нәзік жандар. Кәсіпорындардағы басшылық лауазымдағы әйелдерге тоқталсақ, олардың үлесі 31,3% жеткен. Мемлекеттік қызметте басшы болған нәзік жандар 40%-ға жуық, соның арасында орталық мемлекеттік органдарда - 45%. Сондай-ақ мемлекет басшылығындағы, Үкіметтегі әйелдердің үлесі - 14%, Парламентте - 18%, квазимемлекеттік компаниялардың директорлар кеңесінде - 13%. Бұл тұрғыда саясатта, Үкіметтегі жоғары лауазымдарға қатысты әйелдердің ұмтылысына ерекше мән беру керек», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова.
Айтуынша, кезінде заңнамаға өзгерістер енгізіліп, Мәжілістегі және мәслихаттардағы әйелдер үлесін көбейтуге қатысты шешім жасалды.
«Кен өндіруші өнеркәсіпте, оның ішінде металлургияда әйелдер үлесі 20-26 пайыз шамасында. Мұнай мен газ, көмір өндіру салаларында қызмет етіп жүрген нәзік жандар үлесі - 17% және 20%. Қазіргі кен өндіруші өнеркәсіптер заманауи технологиялар бойынша жұмыс істеп тұр. Сондықтан әйелдерге осы салаларда емін-еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік мол», - деді Бижанова.
YAYA стартапының тең құрылтайшысы Лаура Ералиева жетістікке жету жолындағы өз тәжірибесін айтты. Ол бірінші кезекте әр адам білімін шыңдауға мән беруі керек екенін алға тартты.

«Қазір басқа да әйелдерге, өз ісін бастағысы келетіндерге көмектесе алатынымды түсініп отырмын. Біз өз кәсібімізде Қазақстан қалаларын қамтып келеміз. Енді шетел нарығына қарқынды түрде шығуды қарастырып отырмыз. Қызметіміздегі қаржы айналымы 2 млн доллар сомасына жетті. Жобамызды Өзбекстанда, Түркияда, Әзербайжанда және басқа да елдерде ілгерілетуге мүдделіміз. Осы салаға әйелдерді көптеп жұмылдырмақпыз», - дейді Ералиева.
Медициналық заттарды өндіруші Dolce компаниялар тобының негізін қалаушы Елена Ли түркі мемлекеттерінің экономикалық әлеуеті өте жоғары екенін айтты.
«Түркі елдері орналасқан ауқымды территориядағы халықтарды өзара бауырластық, ортақ дәстүр тығыз байланыстырып отыр. Сондықтан бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Жалпы өз салама қатысты тоқталсам, бастан өткерген пандемиядан кейін баршамыз тиісті қорытынды жасауымыз керек. Барлық ел инфекцияға қарсы сақтық іс-шараларына ерекше назар аударуы қажет. Бұрын пандемия 100 жылда бір болса, қазір түрлі індеттің таралуы жиілеп кетті. Қазір түркі мемлекеттерімен ауқымды жұмыстарды бірлесе атқарып жатырмыз», - деді Елена Ли.
Форумға QazVac вакцинасын әзірлеуге қатысқан белгілі ғалым Күнсұлу Закария арнайы келді. Оның айтуынша, Қазақстанда ғалым әйелдер үлесі ерлерге қарағанда басым - 52%. Еліміздегі көптеген ғылыми ұйымды әйелдер басқарады.
«Осындай үлкен алаңда түркі мемлекеттерінің өкілдерін көріп отырғаныма қуаныштымын. Әйелдер осындай форумдарға қатысуы тиіс. Белсенді әрі білімді нәзік жандар көп болуы керек. Қазір түркітілдес елдердің баршасында әйелдер жоғары жетістіктерге жетіп жатқанын көріп отырмыз», - деді Закария.
Ұлттық паралимпиада құрамасының мүшесі, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС цифрландыру қызметінің жетекші инженері Айсұлу Сүлейменова түрлі салада мүгедектігі бар жандар тап болатын кедергілер туралы сөз қозғады.

«Әр адам қоғамға өзінің пайдасын тигізуге қауқарлы. Өзім қызмет етіп жатқан компания маған жұмысқа тұрған уақыттан бастап қолдау көрсетті. Елімізде әр адам, әр компания немесе ұйым кез келген адамға өзін көрсетуге мүмкіндік бере алады», - деді Сүлейменова.
«Қазақмыс» тобындағы «MAKER» ЖШС коммерциялық директоры Светлана Алексеева 15 жылдан астам уақыт бұрын машина жасау саласына келгенін айтты. Ол қатардағы қызметкерден бастап басшылық лауазымға дейін өскен. Осы кәсіпорынның жылдық қаржы айналымы 18 млрд теңге.
«Әйелдер бұл бағытта ер адамдармен қатар басшылық қызметтерді тең дәрежеде атқарып жүр. Барлық күрделі салада жетістіктерге жетіп жатқанын байқап отырмыз. Жалпы, машина жасау саласы өте маңызды болғандықтан, жастарды көптеп тарту керек. Әйелдер тоқыма өнеркәсібі немесе саудадан бөлек, басқа да салаларда өзінің білімін таныта алады», - деді Алексеева.