Түркі елдерінің рухани мұрасы «Аталар мирасына» жинақталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) барлық түркітілдес халықтардың, ұлыстар мен этникалық топтардың рухани мұрасы жинақталған «Аталар мирасы » мультимедиялық қорын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Еске сала кетсек, 2015 жылы Түркі кеңесінің бесінші саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұтас түркі халықтарының рухани мұрасын жинақтап, насихаттайтын ортақ жоба бастауды тапсырған болатын. «Аталар мирасы» - сол тапсырма нәтижесінде жүзеге асырылған іргелі жоба.  

Портал деректері «Түрік халықтарының жазу тарихы», «Ежелгі жазба мұралар», «Археологиялық ескерткіштер», «Ұлттық әдебиет үлгілері», «Этнографиялық жәдігерлер» және «Газет-журналдар» сияқты тақырыптарға бөлінген. Онда Күлтегін ескерткішінің жазбалары, С.Малов, В.Томсон сынды ғалымдардың аудармалары мен түсініктемелері, ақын-жазушылардың туындылары және жазу мен әліпбилер тарихы көрсетілген.

«Аталған порталдың мүмкіншіліктері өте көп. Бұл біздің мәдени мұрамыздың электрондық энциклопедиясы, мектеп оқушыларынан бастап, университет студенттеріне, түркі әлемінен ақпарат алғысы келгендерге таптырмас көмекші. Мұнда өткен ғасырда жарық көрген «Тәржіман», «Әйелдер әлемі» газеттерінің бірқатар нөмірі жүктелді, енді Қазанда, Уфада, Қырымда шыққан газет-журналдарды жүктеп жатырмыз. Әзірге портал қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде қолжетімді. Болашақта әзербайжан, қырғыз, өзбек, татар тілдеріне аударуды жоспарлаудамыз. Түркі мұрасының аса ауқымды екені белгілі, сондықтан, қорды ұдайы толықтырып отырамыз. Көршілес елдерден келіп түскен ұсынымдарды порталға енгізуге әзірміз. Сондықтан, барлық түркі халықтарын ортақ порталды толықтыруға шақырамыз», - деді Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған «Түркі әлемінде рухани жаңғыру: Тарих. Таным. Тұлға» конференциясында.  

Айта кетейік, Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) - 2010 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеу мақсатында құрылған. Соңғы бес жылда академия түркі тарихы, мәдениеті, өнері, түркі елдерінің әлеуметтік және экономикалық мәселелерін қамтитын 93 кітап басып шығарды. Қырықтан астам ұйымдармен, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттермен меморандум бекіткен.

Соңғы жаңалықтар