Түркі халықтарының терминологиясын біріздендіру мәселесімен тікелей айналысатын құрылым қажет
«Соңғы жылдары түркі тілдес елдер арасында термин алмасу үдерісі еш алға жылжымай отыр. КСРО құрамында болып, кейіннен тәуелсіздік алған түркітілдес мемелкеттердің арасында да соңғы 20 жылда термин алмасу үдерісі жолға қойылмақ түгілі, басталған да емес. Мәселен, тәуелсіздіктің 20 жылдығында қазақ тілінен өзбек немесе қырғыз тіліне, қырғыз тілінен түрік немесе қазақ тіліне қанша термин енді? Мысал табуға қиналамыз. Біз көптен бері түрік тілінен қазақ тіліне енген ұсақ сөздерден басқаны айта алмаймыз. Онда да туыстас түрік тілінен қазақ тіліне енген терминдердің өзі санаулы-ақ», - дейді Шерубай Құрманбайұлы. Бұл ретте Тіл комитетінің төрағасы түркі тілдер арасындағы терминдерді біріздендіру мәселесінде нақты іске көшпес бұрын осыны ұйымдастырудың ұтымды тетігін ойластыру қажеттігін алға тартты.
«Туыстас түркі халықтарының терминологиялық біріздендіру мәселесінде тікелей айналысатын құрылым болмағандықтан сала жанданбай отыр. Әрине, әр ел өз алдына жұмыстар атқарып жатыр. Бірақ, түркілік ортақ термин қалыптастырудың бірізділігі байқалмай отыр. Түркітілдестердің ғылым саласындағы ынтымақтастығы, байланысы әлі әлсіз. Соның салдарынан түбі бір түркі тілдерінің ғылым тілі, терминологиясы жақындасудың орнына жылдан жылға алшақтап барады. Бұл үдеріс біртіндеп, бір тілдік топқа, сол топ ішіндегі шағын топқа кіретін тілдердің де айырмашылықтарының ұлғая беруіне апарып соғуы мүмкін», - деді Ш. Құрманбайұлы.