«Түркілер төрі Түркістан» атты халықаралық онлайн конференция өтті
Шараны облыстық әкімдіктің Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтары Түркістан облыстық филиалдары ұйымдастырды.
Онлайн конференцияға Сенат пен Мәжілістің, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдері қатысып, жалпы 300-дей адам Түркістан өңіріндегі киелі жерлердің қыр-сырына біршама қанықты. Шарада сакралды жерлерді жан-жақты зерттеп жазып, тарихтың тереңіне үңілген қазақ әдебиетіндегі классик жазушысы Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі Түркістан» атты кітабының онлайн таныстырылымы өтті. Кітап айтулы ғалым, іскер басшы Дархан Қыдырәлі тізгін ұстаған Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көрген болатын.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов биыл 75 жасқа толған мерейтой иесіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің арнайы құттықтауын оқып берді. Жазушыға арнайы тарту-таралғы ұсынды. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің, «Ауыл» партиясының төрағасы, ченатор Әли Бектаевтың, мәжілісмен, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Дархан Мыңбайдың конференцияның ашылуымен және мерейтоймен құттықтаған хаттары туралы айтылды.
Онлайн конференцияда қатысушылар жарыссөзге шығып, Мархабат Байғұттың кітап туралы пікірлерін ортаға салды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сенат залында өткен алқалы жиында университеттің ректоры Болатбек Әбдірасылов сөз сөйлеп, құнды кітаптың маңыздылығына тоқталды. Жазушыны мерейтойымен құттықтап, «Түркілер төрі Түркістанда» айтылған киелі жерлерге байланысты жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары жайлы жұртқа баяндап өтті. Талантты қаламгер Мархабат Байғұтқа жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-сыяпат жасады.
«Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың бұл кітабын Түркі академиясы жарыққа шығарып отыр. Жазушы бұл еңбегінде туған жері Түркістан өңірінің тарихын, табиғатын, даласы мен тауларын, сайын даланың ұлдары – даңқты тұлғалар, билеушілер, өзге де қайраткерлерін арқау етіп, эсселерге айналдырып баяндайды. Сонымен қатар Мархабат ағамыз қоғамдағы мәселелерді көтеріп, оны жан-жақты зерделей отырып қамтыған, тақырыбы ауқымды. Өзінің өмірден көрген-түйгенін ақ қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа туған жердің қасиетін айта отырып, қастерлеуге үйретеді. Сіздің Түркістан өңірі туралы жазған осы еңбегіңізбен өлкеміздің тарихына үлкен үлес қосып отырсыз. Басқа еңбектеріңізден орны бөлек, оқырмандарға ғана емес, Түркістанға арнайы келетін шетелдік қонақтарға да берері көп кітап екені сөзсіз», – деді Болатбек Әбдірасылов.
Конференция соңында «Түркістан туралы жыр» айтылып, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Жазушы да жиынды ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, шараны түйіндеді.