ТҮРКІСОЙ бас хатшысы Наурыз мейрамына орай АҚШ президенті Барак Обамаға игі тілектерін жолдап, кәдесый ұсынды

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат - Америка астанасының «Andrew Melon Auditorium» айтулы залында Наурыз мейрамын мерекелеуге байланысты Қазақстан елшілігінің және бірқатар басқа елдердің ықпалымен гала-қабылдау болды.
None
None

Іс-шараның басты ұйымдастырушысы Наурыз мейрамын мерекелеу жөніндегі комиссия, оның негізін салушыларының бірі Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов болды, деп хабарлайды АҚШ-тағы ҚР елшілігінің баспасөз қызметі.

Қабылдауға қатысқан АҚШ-тың ресми тұлғалары, конгрессмендер, дипломатиялық корпустың, іскерлік және академиялық ортаның өкілдері ұлттық киім және тұрмыс заттарын, кітаптарды, сонымен қатар, Қазақстандағы Наурыз мейрамының салт-дәстүрлері туралы ақпараттар бар танымдық стендтерді, Астананың жаңа құрылыстары және Қазақстан туралы деректі фильм ұсынылған «қазақ мәдениеті бұрышын» аса жоғары бағалады.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қайрат Омаров бұл мейрамның Қазақстанда қалай аталып өтетіндігі туралы, Наурыздың бай философиясы жайында өз пікірімен бөлісті.

Комиссиямен табысты ынтымақтастыққа ризашылық белгісі ретінде ТҮРКІСОЙ түркі мәдениеті халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ұйымдастырушыларға естелік кәдесыйлар тапсырды. Сонымен қатар, ол АҚШ Президенті Барак Обамаға көктемгі мерекеге орай игі тілектер тілеп, кәдесый ұсынды.

Салтанатты қабылдауда Қырғызстан, Түркия және Әзірбайжан елдерінің кәсіпқой әншілері кеш ажарын аша түсті. Техас штатында тұратын Қазақстандық әншілер Гүлмира Әміртаева және Самал Шәйкенова «Ата толғауы», «Көктем әуендері» және «Талас» сияқты күйлер мен әуендерді асқан шеберлікпен орындап, қонақтардың көңілін баурап алды.

Соңғы жылдары Наурыз мейрамы АҚШ-та жыл сайын танымал болып келе жатыр. 2009 жылы Президент Б. Обама Наурыз мейрамының құрметіне құттықтау жолдаған болатын. 2010 жылы Наурыз мейрамын мерекелеу бойынша комиссия құрылған, оның негізін салушылар Қазақстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі, сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, қоғам қайраткері Б.Қиян және әйгілі филантроп Н. Каземини болды. Комиссия құрылуына орай ҚР Президенті Н. Назарбаев АҚШ Президенті Б. Обамаға құттықтау жолдаған болатын, онда «комиссияның игі ісі біздің елдеріміздің арасында достық қатынастарды әрі қарай нығайтуға серпін береді» деген сенім білдірілген.

Қазіргі уақытта 17 елді біріктіретін комиссия әрі қарай табысты дамуды жалғастыруда: Американдық-қазақстандық іскерлік қауымдастық төрағасы У. Вилдің қатысуымен директорлар кеңесі, сонымен қатар, құрамына ТҮРКІСОЙ бас хатшысы Д. Қасейінов және Қазақстандық-американдық қауымдастықтың президенті Д. Нұрмағамбет кіретін Консультативтік кеңес құрылған. 2012 жылы бірқатар елдердің қоғамдық қайраткерлерін (Ұлыбритания, Италия, Түркия, Грузия және Тәжікстан) қатыстыру есебінен, Наурыз мейрамын мерекелеуді осы елдерде дамыту мақсатында, комиссия қызметінің географиясы кеңейтілді.

Соңғы жаңалықтар